Халық қалаулылары құрылыс нысандарын аралады

823

0

Фото: Арал ауданы

«Шағын қалаларды дамыту» бағдарламасына сай Арал қаласының келісті келбеті көркейіп, көк айдын төріндегі бас шаһар бүгінде алып құрылыстар мен көрікті ғимараттардың ошағына айналып келеді. Қазірдің өзінде қала бойынша бірнеше әлеуметтік маңызды жобалар қолға алынған. Осы елге келіп, өзгерістер мен оңға басқан ілкімді басталамарға куә болған ҚР Парламенті сенатының депутаттары Р.Рүстемов және Н.Байқадамов аудан орталығындағы бірнеше құрылыс нысандарын аралады.

Алдымен «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Бас мердігер «Бақ Береке 2023» ЖШС құрылыс жұмыстарын қолға алған ғимараттың алаңы қоршалып, мектептің екі қабаты толықтай қаланған. Қазіргі таңда төбе жабындысы жабылып, ішкі жұмыстары жүргізіліп жатыр. Халық қалаулылары мектеп ғимаратын аралап көріп, ішкі әрлеу жұмыстарына куә болды. Сондай-ақ мердігер мекеме өкілдерімен жүздесіп, баланың болашағы үшін жұмсалып жатқан инвестицияның желге ұшпауы керектігін, құрылыс жұмыстары мен істелген әр жұмыстың сапалы болуына баса мән беру керек екендігін жеткізді.

Нысан биылғы жылы толық аяқталып, балалар игілігіне беріледі.

Мұнан соң Сенат депутаттары аудан халқы үшін маңызды жоба саналатын Арал қаласындағы темір жол өткелі арқылы салынып жатқан аспалы көпірдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Жылдар бойы айтылып, қаншама уақыт өтсе де қолдау таппай келген бұл көпірдің құрылысы өткен жылдың наурыз айында басталған болатын.

Негізі ауданда көлік қатынасы бір ғана теміржол өткелі арқылы жүргізілуде және өткел жабылған жағдайда 2-2,5 шақырымға дейін автокөлік кептелісі пайда болып, жедел жәрдем, өрт сөндіру, құқық қорғау органдары сияқты кезек күттірмейтін қызметтермен қоса, тұрғындарға үлкен кедергі келтіруде. Көпір салынса осы мәселе шешімін таппақ.

Темір жол үстінен аспалы көпір құрылысына 2023 жылы республикалық бюджеттен 1,4 млрд. теңге бөлінген. Жобаның жалпы құны 3,1 млрд. теңге. 2024 жылға облыстық бюджеттен 297,9 млн. теңге, ұлттық қордан 1413,7 млн. теңге қаржысы бөлінген. Мемлекеттік сатып алудың нәтижесінде «РИТМ» ЖШС жеңімпаз атанып, қазіргі таңда свай бағаналары толық қағылып, нысан ауласындағы желілер ыңғайлы орындарға ауыстырылған. Бүгінде бетон құю жұмыстары жүруде. Жұмыстардың 65 пайызы орындалған.

Маңызды нысан басында болған Сенат депутаттарына Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ш.Есжанов құрылыс жұмыстары туралы баяндады. Сондай-ақ көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Шағын қалаларды дамыту» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып өтті.

ҚР Парламенті сенатының депутаттары «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын көрді.

Биылғы жылы аталған жоба бойынша 124 пәтер сатып алу жоспарланған. Бүгінгі күні 9 тұрғын үйге республикалық бюджеттен қаржысы қаралып, қазіргі таңда пәтерлердің 74 400 шаршы метр жер телімі аукцион арқылы сатып алынған. Құрылыс жұмыстарына келетін болсақ үйлердің іргетасы қаланып, төбе жабындыларын жабу жұмыстары жүргізілуде.

Айта кететін жайт, биылғы салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс сапасына баса мән берілуде. Бұған дейін берілген тұрғын үйлердің сапасына қатысты тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағымдар ескеріліп, биылғы тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарына осы саланың мамандары тікелей бақылау жасауда.

Құрылыс алаңында болған халық қалаулылары салынып жатқан тұрғын үйлердің мейілінше баспанаға шын мәнінде мұқтаж, түрлі санаттағы әлеуметтік отбасыларға берілуі керектігін алға тартып, үйлерді салу барысында кемшіліктерге жол берілмеу керектігін жеткізді.

Арал ауданы әкімдігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<