Қазалыда ел атын танытқан талант көп екенін ескерсек, оның көбі – ауылдағы дарындар. Ән мен жыр, би мен күй өнерін дәріптеген аға буынның ізін басқан ұрпақ бүгінде мәдениет саласын дамытып келеді. Солардың бірі – Бекарыстан би ауылындағы Мәдениет үйі ұжымы.
Аудандағы ең үлкен ауылдың негізгі кәсібі – егін мен төрт түліктің айналасында. Сырдың басты дақылы – күріштен бөлек, мұнда бақшалықты жайқалтып отырған диқандар да бар. Уақ малды айтпағанда, ірі қара, жылқы санын көбейтуге ынталы ағайын да жетерлік. Міне, осындай тиянақты тіршілікке бет бұрған тұрғындардың бір уақ көңілін серпілтетін ауыл клубының мәдени қызметкерлері екені анық қой.
1974 жылы салынған еңселі ғимарат ішінде жас пен кәріге ұнамды, дәстүр мен тәрбиені ұштастырған, ұлттық өнер мен салт-дәстүрді жаңғыртып жүрген топ бар. Ауылдастарының көңілін серпілтіп, одан бөлек, көрші елді мекендерге өз өнерін жиі көрсететін ұжымның бір ерекшелігі – драмалық қойылымдарға ден қоюы.
– Біздің Мәдениет үйінде 9 үйірме жұмыс істейді. Оған ауылдағы 100-ге жуық өнерлі ұл мен қыз тартылған. 2009 жылдар бері «Шабыт» драма үйірмесін ашып, оның мүшелері аудандық, облыстық, республикалық түрлі байқаулар мен мәдени шараларда жоғары деңгейде өнер көрсетуде. Драма үйірмесі театрландырылған қойылымдар мен әзіл-сықақ жанрын ұстанады. «Үйірме – өнер бастауы», «Әзіліміз жарасқан», «Театр – өмір айнасы» атты айдармен сахналық көріністеріміз ауданнан бөлек, облыс деңгейінде қойылып жүр. Әрі бұған ауыл жастарын, мектеп оқушыларын тұрақты қатыстырамыз, – дейді үйірме жетекшісі Шархан Тілеуназаров.
Қазір үйірме репертуарында Думан Рамазанның «Кенесары-Күнімжан», Орынбасар Әлжіктің «Егеменді еркек», «Сыйластыққа не жетсін!», Рүстем Жанайдың «Кетем», «Құдағилар қиқуы», «Нантабар», Ермахан Шайхыұлының «Әйелі мен журналистің әңгімесі», «Жедел жәрдем» Р.Отарбаевтың «Фариза мен Мұқағали» атты үш көріністі драмалық спектаклі, Ж.Мәкенәлінің «Асандар көтерілісінің құрбандары» атты драмасы бар. Сондай-ақ бүгінге дейін Шархан Тілеуназаровтың жетекшілігімен үйірменің 18 мүшесі халықаралық, республикалық, облыс пен аудандық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр.
– Осыған дейін «Туған өлкем» атты халықаралық өнер байқауында «Шабыт» драма үйірмесі Орынбасар Әлжіктің «Егеменді еркек» қойылымымен қатысып, I дәрежелі дипломмен марапатталды. Мұндай мысалдар көп. Жалпы біздің ұжымда Қасым Балымбетов, Жұмагүл Байділдаева, Гүлбану Өтемұратова, Астанбек Серік сияқты ауыл өнерпаздарының артистік шеберлігі жоғары бағаланып жүр. Қанат Сырлыбай, Азамат Қожақов, Қызғалдақ Елемес сияқты жастар үйірме деңгейін одан әрі көтеріп келеді, – дейді ол.
Шархан Тілеуназаровтың өзі де көп байқауларда «Ең үздік актер» номинациясын алып жүр. Мәдениет үйінде әдіскер болып жұмыс істейтін ол көбіне-көп ауылдағы жас буынды сахна өнеріне баулып, шығармашылыққа шыңдауды мақсат еткен.
– Осыдан 3-4 жыл бұрын «Балалық шағымдағы ең жылы естелік» атты ескі кинолардан үзінді ойнау аудандық сайыс өтті. Біздің үйірмедегі Ерқожа Шамша, Ерсаят Серік, Әдемі Көзімай сияқты шәкірттеріміз қатысқан болатын. Сол кезде режиссер Болат Шәріптің «Заман-ай» көркем фильмінен үзінді ойнады. Өзім күткеннен де жоғары өнер көрсеткен олар жүлде алып, арнайы қаржылай сыйлыққа да ұсынылды. Бізде әзіл сахна қойылымдарында жетістік мол. Мысалы, Арал ауданында өткен «Күлкі думан» әзіл-сықақ өнер ұжымының республикалық байқауында Рүстем Жанайдың «Кетем» атты қойылымын сахналап, ІІ орын иелендік. Жаңақорған ауданындағы сатира жанрының артисі Қазыбек Башаров атындағы «Сатира садағы» атты облыстық байқауында да ІІІ орыннан көріндік. Ал Қазақстан және КСРО халық артисі Сәбира Майқанованың туғанына 110 жыл толуына орай «Театр анасы – Сәбира» атты облыстық байқауынан бас жүлде алғанбыз, – дейді жетістіктерін саралаған Шархан.
Ал былтыр «Шабыт» үйірмесінің мүшелері Асқар Тоқпановтың 110 жылдығына орай ұйымдастырылған «Театр – өмір айнасы» атты байқауға қатысқан. Ауыл таланттары жүлдеден бұл жолы да құр қалмай, көп үйірме ұжымы арасынан ІІ орын алыпты. Сонымен қатар, сатирик, халықаралық Алаш сыйлығының иегері Ғ.Қабышевтың 90 жылдығына арналған «Жүлде үшін жан пида» атты аудандық әзіл-сықақшылар байқауында «Ауыл» қойылымын сахналап, тағы жүлделі орыннан көрінді. Қ.Балымбетов, Н.Талғат, Н.Жәдігерова, Б.Райымбергенов сынды өнерпаздар ойнаған сондағы қойылым аудан халқының ықыласына бөленген.
Иә, кәсіби маманы болмаса да, ауыл мәдениетін ардақтап жүрген, ең бастысы, өнерді сүйетін үйірме мүшелерінің негізгі мамандықтары әртүрлі. Бірақ бір жерге бас біріктіріп, елмен тығыз рухани байланыс орнатқан мұндай таланттыларға құрметпен қарау керек. «Халықтық театр» атағын алмаса да, табиғи талантымен топ жарып жүрген ұжымның биік белесі алда деп білеміз.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»





