Халық жүрегіндегі қайраткер

5

0

Қазақтың тәуелсіздік тарихында өлшеулі ғұмырын өлшемсіз өнегеге ұластырған, мың санат­тағылардан емес, шын саңлақтардан шыққан, халық жүрегінде сақталған тарихи тұлғалар аз емес.

Қасқа жолға салған Қасым ханның, ескі жолды екшеген Есім ханның, тура жол­ды таң­даған Тәукенің қасиетіне бітім-бол­мысы тар­тып, елі үшін туған ер-азаматтар орта­мыз­­дан ойып орын алып, есімдері жұртының жүре­гінде жатталғаны және шындық. Со­лар­­дың бірегейі – Бердібек Машбекұлы  Сапарбаев.

Рас, ағамыз арамыздан ерте кетсе де, оның өмір жолы жылдардың ығына жығылып қалған жоқ, ерге тән еңбегі, ерлігі, ерекшелігі онан сайын асқақтап, парасатты жолын пейіл көгінде пайымдай бастадық. Иманың иланған мұсылманның мәңгілік мекеніне аттанғанына үш жылға жуықтаса да ардақты ағамыздың рухы жердің асты мен үстін жалғап жатқандай жаныңды жылымық жылытады. Кеңсайдың кең аспанынан адалдық пен тазалықтың, кісілік пен кішіпейілдіктің кейпі елестейді.

Ерен де берен Бердібек аға өзекті өңірдің оты өршіген, тіршілігі тоқыраған, қалып­тасқан қоғамдық мәселелері қордаланған аймақтарға барып, елмен етене қызмет атқарды. Құр бармай, құтын кіргізіп, тірлігін түзеп, дамуын даңғыл жолға салып, аймақтағы іс жүйесін бір ізге салып берді. Мұны мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедше айтсақ, жеті аймақтың жүгін мойымай көтеріп, күнін күнгейге бұрып, тінін түлеген тіршілікке таңып, түтінін түзу шығарды, бүтінін бүл­дірмей, барды бағалады, жоқты түгендеді.

Қашан да қазақ халқы ел басқарған қай­рат­кердің бойындағы іскерлігімен бірге мінезі, білім-білігі, ақыл-парасаты, тау­қы­метке қарсы тұрар төзімділігі сынды қасиет­теріне айрықша мән бергені белгілі ғой. Біз танып, білген Бердібек Машбекұлы обал мен сауаптың парқын ажырататын терең парасаттың иесі еді. Үлкенмен де, кішімен де тонның ішкі бауындай болып, ортақ пікір, орайлы әңгіме тауып, әлеуметтік топтың өз тілінде сөйлесе алатын. Оған оңтүстік те бір, шығыс та бір, батыс та бір, ел мен елдің айырмасы жоқ, бір – Отан. Сондықтан шығар, ел сүйді, сүйкімді басшы болды, әр өңірдегі қызметінен ауысқанда көптің көңілін кірбің басып, көздерінен еріксіз қимастықтың жасы шықты.

Әрине, әркімнің өсіп-өнген жері – Мысыр шаһары. Сол себепті әрбір перзент туған жерін қастерлеп қана қоймай, оның қадіріне де жетуі қажет. «Туған елінің қадіріне жетпеген өз қадіріне жетпейді», – дейтін халық даналығының мәнісі тереңде. Бердібек ағаның да ата-бабасының қасиеті сіңген құрметті төрі – туған жерге деген ықылас-ынтасы тым бөлек еді. Ауылдағы ағайынның хал-жағдайын назардан түсірмей, ақ­сақалдарға сәлем-құрметі ерекше болатын. Ағамыздың осын­дай ерекше қасиетін Жаңа­қорған ау­данында әкім болған жылдары бұрынғыдан да жақын біле түстім, бірнеше рет кездесіп, ақыл-кеңесін тыңдадым.

Жаңақорған ауданының тарихы бай. Оның маңайында ортағасырлық шаһарлар – Сығанақ, Сауран, Өзгент, Аққорған сынды орталықтар мен асыл дініміздің бастауында тұрған тұлғалар мәңгілік тыныштық тап­қан киелі жер көп. Осы жәннаттай жердің қасиетін таспалауды ойлап, белгілі доку­менталист режиссер Қалила Омаров аға­мыз­ды елге шақырып, «Туған жерге тағзым» жо­басын қолға алдық. Сөйтіп, жергі­лікті жер­дің кереметтерін түсірілім алаңына айнал­дырдық. Ұлы Жібек жолы бойын­дағы бір уыс құмның құдіретін, әрбір төбенің мән-маңызын ашып, мағынасын түсін­діруге тырыстық. Осы тұста, туған жеріне пер­зенттік сағынышпен асыға жеткен Бер­дібек ағамызды да кинотүсірілімге қамтып үлгердік. Бұл бастаманың байыбына барсақ, оны бізге берген уақыттың ерекше сыйы деп түсінемін.

Бердібек Машбекұлының мемлекеттік қызмет саласындағы өмір мектебін саралай­тын болсақ, ол нанғысыз іс-әрекеттің нағыз менед­же­рі, дұрысы, «кризис-менеджер» болғанын бағам­дауға болады. Тіпті жоқтан бар жасай­тын, шытырман шиеленісті шеше білетін шебердің өзі еді.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы Қызылорда облысының жағдайын еске алсақ, Кеңестік жүйенің әбден күйреген кезеңін көз алдымызға келтіреді. Бұл кезде біз жас болсақ та, Қызылорда қаласының аянышты жай-күйін көзбен көрдік. Далаға шықсаңыз, маса талайтын, үйге кірсеңіз, ыстық қапырықтан тұншығатын кез. Көшелері ойық-шұңқыр, үйлері әбден тозған. Бірде су тоқтайды, бірде жалп етіп жарық өшеді. Осы тұста, бір облыстың тағдыры Бердібек Машбекұлының мойнына түсті. Сүрінсе, сыбауға дайын, қиналса, тасадан тас лақтыруға құмар кісілер де кездесті. Ондайға оңай шағылатын осалың Бердібек аға емес, ол жауапкершілік жүгін одан сайын еселей берді. Бердібек Машбекұлы, біріншіден, өзін іскер, халықшыл азамат ретінде танытса, екіншіден, елдің еңсесін тіктеуге тірек болуы тиісті еді. Өйткені туған елге қызмет ету екі есе ауыр. Сондықтан күні-түні тыным таппай, кабинетте отыруды білмей, халықтың ортасында жүрді. Апта құрғатпай аудандарды, ауылдарды аралады. Халықтың мұң-мұқтажын біліп, ауруды ас­қын­дырмай аяқ астында шешуге тырысты, ал маңызды мәселелерді кезең-кезеңімен іске асырудың қамына кірісті. Уақытпен са­нас­пай атқарылған еңбек те өз нәтижесін бере бастады. Көп ұзамай жағдай өзгеріп, Қы­зыл­орданың шырайы кіріп, тынысы кеңейе түсті.

Кезінде Торғай, Семей, Талдықорған, Жез­­қазған облыстары таратылып, өзге өңір­лерге қосылған кезеңде Қызылорданың да дербес облыс ретіндегі болашағына күдік­пен қараған шақ болды. Осындай алмағайып уақытта Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың көреген саяси ұстанымының арқасында өңірдің тарихи маңызы мен әлеуметтік-экономикалық әлеуеті зор екені нақты дәлелдермен негіз­деліп, тағдыры таразыға тартылғалы тұрған Қызылорда өзінің облыс мәртебесін сақтап қалды. Мұны үлкен азаматтық ерлік деп бағалауға әбден болады!

Оның жасаған жобалары бүгінгі күні де маңызын жоймай, қайта өзектілігі артып ке­леді. Мәселен, Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу жобасына Бердібек Машбекұлы тікелей мұрындық болды. Басы-қасында өзі жүріп, бел шеше кірісті. Шүкір, бүгінде осы жобаның игілігін ел көріп отыр. Кіші Аралдың көлемін одан әрі ұлғайтудан да үмітін үзбей келеді. Сөзімізді салмақтай түсетін болсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жылы Сыр елінде өткен Ұлттық құрылтайда Арал мәселесіне арнайы тоқталып: «Қызылордаға келіп тұрып, Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мен бұл мәселе туралы халыққа Жолдауымда айттым. Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды құтқарып қал­дық. Қашқан теңіз қайтып, Кіші Аралдың қал­пына келе бастағанына біраз жыл болды. Қазір «Көкарал» бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңын­да басталады. Кіші Аралдың суының көле­мін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік бола­ды», – деген еді. Сәтін салса, Президенттің тапсыр­масына сәйкес Үкімет дайындаған бағдар­ламалардың оған мүмкіндіктері де жеткілікті.

Сыр елінің жыры мен сыры түгелдене бастаған кезеңде Бердібек Машбекұлы Оң­түстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Бұл тұста оңтүстіктегі көп өндіріс орындары қаңтарылып, Шымкент шаһарында да жылу мен жарық бірде бар, бірде жоқ болғаны ел есінде. Тұрғындардың мазасы қашқан қиын сәт-тұғын.

Тағы да сенімге селкеу түсірмеу міндеті тұрды. Сөйтіп, бірінші кезекте коммуналдық шаруашылығына қарасты мәселелерді ше­шетін жедел және нақты шараларды қолға алды. Бел буып бастады, берекесін байқатты.

Бердібек ағаны өзгелерден тұлғаландыра түсетіні, оның ұлттың рухани және мәдени серпілуін дұрыс бағдарлай білетінінен кө­рінеді. Өткен ғасырдың 90-шы жыл­дары­ның аяғындағы ауыр кезеңді бастан өт­керіп жатқан аласапыран шақта Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойын кең көлемде өткізуі тас қараңғыға шырақ жақ­қандай шырағдан болды десек, жаңыл­маймын. Бұл – ұлтымыздың руха­ни жаң­ғыруына тың серпін берді. Нәти­жесінде, бірнеше жылда оңтүстік өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын тіктеп, танымастай өзгеруіне жағдай жасады.

Одан кейін әбден тығырыққа тірелген Ке­ден саласына да қан жүгіртіп, ұршықтай үйіріп әкетті. Тұңғыш Кеден кодексін жа­рыққа шы­­­ғар­ды. Сол бойынша заңдық әлеуетін күшейтті. Әлеуметшіл тұлға әлеу­меттік салаға жауап­ты министр де болды. Екі рет. Премьер-ми­нистр­дің орын­басары да болды. Тағы да екі рет!

Бірақ Бердібек Машбекұлы қай кезде де кабинетте жұмыс істегеннен гөрі, елмен араласқанға, елдің мәселесін жергілікті жер­де шешуге әбден дағдыланған менеджер еді.

Осынау менеджерлік қабілетін Шығыс Қазақ­стан облысын басқарған жылдары қай­та көрсетті. Оның шығысқа баруымен бірге елге ұлттық рух барды. Абайды ұлықтау биік деңгейге көтерілді. Шығыстағы ұлт­тың мәселесі көшеде емес, әкімдіктің плат­формасында айтыла бастады. Өзге ұлт өкілдеріне де құрмет көрсетудің жолын тауып, халықтың көңілінен шықты.

Ағамыз қай жерде қиындық болса, сол жерде жүретініне бой үйреткен кезіміз еді. Шығыста табиғат мінез танытып, Көкжыра мен Жәнтікей ауылы судың астында қалды. Комиссия құрып, мәселені жіті зерттеп, етікпен су кешіп, халықтың ортасында бол­ды. Апта сайын апаттық ауылдарға со­ғып, жағдайды өз бақылауында ұстап, қалпына келтіру жұмыстарына ерекше мән берді.

Облыс орталығында Абай ескерткіші бой көтергенде көппен бірге қуанған едік. Ал шығыстың халқы қайраткермен коштасар сәтте қимастық сезімін білдіріп, көздеріне еріксіз жас алды. Бұл жаңалықты естіп, біз тағы қуандық! Іштей сүйсіндік. Қайрат­керлік тұлғасына таңырқап, таңғалдық.

Азаматтық белсенділік – ол тек елдің алдына ең алдымен білегін түрініп шыға келе­­тін елгезектікте емес, ол – бүгінгі күн пәр­менінен ертеңгі келешектің көкейтесті мүддесін тапжылмай танып барып қайратқа міне­тін, әрекетке жүгі­нетін қапысыз көре­ген­дікте. Бердібек Машбекұлының осы азамат­тық белсен­ділігі облыстарды басқарған қыз­ме­­тін­де ерекше көрініп, өнегесін тағылым етеді.

Ақтөбе облысына әкім болып баруы облыста секталық ағым күшейіп тұрған тұсқа тура келді. Радикалдар қоғамдық ты­ныш­тықты бұзуы әбден мүмкін еді. Осының алдын алуда жанкешті қыз­мет­тің үлгісін танытты. Сонда әкім бо­лып тұрғанда шетелдік компанияның менеджер­лерінен мемлекеттік тілді құр­мет­­теуді талап еткені де халық жадынан өшпек емес.

Жамбыл облысында ұлттар арасына сына түсуі мүмкін болған күрделі кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевтың зор сеніміне ие болып, елдің аманатын арқалаған Бердібек Машбекұлы Сапарбаев облыс әкімі қызметіне қайта тағайындалды. Бұл – бесінші облыс еді. Мұнда да өзге ұлт өкілдерімен кездесіп, мән-жайға қанығып, өзара түсіністікті жолға қоя білді.

Осы өңірде «Бір ауыл – бір өндіріс» жобасын қолға алып, үлгілі ауылдардың картасын жасап, іргелі істерді бастады. Сол тұста Жаңақорған ауданының іскер аза­маттары тәжірибе алмасуға ын­талы болып, ағамызбен хабарластық. Бердібек Машбекұлы ұсынысқа ықылас таныт­қанымен, Тараз қаласына біздің жолымыз түспеді. Осы мүмкіндіктің орайы кел­мегеніне өкінемін.

Түйіндей айтсақ, Бердібек Машбекұлы Сапарбаев қоғамның қай саласында, ел­дің қай аймағында мәселе ушығып тұрса, сол жерден табылып, буырқанып тұр­ған мәселелерді рет-ретімен шешіп, көрегендігін танытып жүрді. Бердібек Машбекұлы өзіне сеніп тапсырылған бар­лық қызметте үлкен абыройға жетті. Тек артынан жақсы сөз ерді. Оны халықтың ерекше құрметтеп, сыйлауының сыры – кісілігінде, кішіпейілділігінде, қара­пайым­дылығында жа­тыр. Кез келген істің көзін тауып, шеші­мін тарқата білуі – оның білімділігі мен білік­ті­лігін көрсетеді. Бас­тысы, халықпен ұдайы ақылдасып, олардың кеңесінен түйін тауып, оны тарқата білетін еді.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайрат­керінің тағы бір ерекшелігі – қоғамды мазалаған мәселелерді тап басып, оны шешудің жолын анықтап, шұғыл әрекет ететін. Ол үшін мәселенің үлкен-кішісі болмайтын. Барлық іске бірдей қарап, кез келген бастамасын тыңғылықты атқаруға дағдыланған еді. Бердібек Машбекұлы туралы сөз еткенде, қай облыста болмасын, барлық ауданды аралап шығып, тіпті әрбір елді мекенді көзбен көріп, ондағы негізгі проблемаларға қанығып, шешуге бар ынта-шынтысымен кірісетін іскерлігі таңғалдырмай қоймайды.

Ұрпақтың ұрпаққа қалдырар ең асыл мұрасы – адамның өмірден жинаған тәжіри­бесі десек, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан атқа қонып, қиын кезеңдерде қаймықпай, қайта болаттай қайнап, шыңдалған азаматтың мол тәжірибесін келер ұрпаққа өнеге ету – маңызды. Өткен ғасырдың 90-шы жыл­дарының ішінде мемлекеттік қызметке келген біздің буын Бекеңді құрмет тұтып өстік, үлгі көрдік, одан өнеге үйрендік. Бүгінгідей азамат қалыбымыз бірден орныққан жоқ, жақсының жолын, озықтың орнын көріп, тырыстық, талпындық, табысты болдық.

Түйіндей айтсақ, халық жүрегіндегі қайраткер – Бердібек Машбекұлы Сапар­баев­­тың ғибратты ғұмырынан тара­мыс тағдырдың да, талайғы тар жол тайғақ кешудің де түрлі амалдарын, жеңіс пен жемістің тәттілігін, өмірдің сан қырлы сипаттарын сезуге болады. Ал оны халық құрметтісі еткен – ерен еңбегі, елжанды қасиеті, өтелген азаматтық парызы!

Руслан РҮСТЕМОВ,

Парламент Сенатының депутаты