Халықаралық Аралды құтқару қоры дирекциясының өкілдері ауданда болды

613

0

Фото: Арал ауданы

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев ауданға жұмыс сапарымен келген Халықаралық Аралды құтқару қоры дирекциясының өкілдерімен кездесті.

Жиынға мекеме, үкіметтік емес ұйымдарының басшылары мен табиғат пайдаланушылар қатысты.

Алдымен аудан басшысы Арал теңізінің қазіргі жағдайы мен Кіші Теңізді сақтап қалу бағытындағы теңіз ұлтанына сексеуіл егу, жергілікті халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған қордың атқарған жұмыстарына тоқталып өтті. Сонымен қатар, Арал теңізінің ахуалы мемлекет басшысының назарында екендігін айтып, ауданға қарасты «Тұщы» және «Домалақ» көлдерінде тоғанда балық өсіру жобалары қолға алынатындығын жеткізді.

Одан соң жиында Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы атқарушы дирекциясының директоры Серікәлі Мұхаметкәрімұлы сөз алып, алдағы уақытта теңізге қатысты су мәселелерін шешу, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеруге арналған жобаларды қаржыландыруға қолдау білдіретіндігін айтты.

Кездесуде балық шаруашылығы саласының ардагерлері Ә.Әйімбетов, З.Ермаханов және «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Баймаханова өңірдегі балық шаруашылығының даму барысы мен жоспарланған жобалардың тиімді тұстары туралы ойларын ортаға салды.

Жиында барысында қатысушылар тарапынан қор басшылығына бірнеше елді мекендердегі құм көшкінінің алдын алу, шалғай орналасқан ауылдарға жедел жәрдем көлігі, мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуына арналған инклюзивті сыныптардағы білім алушылардың және Қамыстыбас елді мекеніндегі интернат оқушыларының тасымалына көлік қажеттігі айтылып, түйе жүнін өңдеу, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу сынды бірнеше жобаларды қаржыландыру мәселесі ұсынылды. Кездесу соңында аудан әкімі Халықаралық Аралды құтқару қорына бұдан басқа да бірқатар жобалар ұсынылатындығын айтып, ортақ мәселелерді шешу мақсатында келген қор өкілдерінің жұмыстарына сәттілік тіледі.

Бұдан бөлек, Аралды құтқару қорының өкілдері аудан жастарымен бірге ағаш көшеттерін отырғызып, үкіметтік емес ұйым мүшелерімен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Атап өтейік, еліміз биылғы жылдан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ететін болады.

Арал ауданының әкімдігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<