Облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет Түркияда өткен халықаралық білім байқауының жүлдегерлері Аслан Нүрідін, Ясин Жандосұлы, Камила Тәңірберген, Нұрасыл Асылханмен кездесті. Талантты бүлдіршіндер менталды арифметикадан халықаралық олимпиаданың алтын, күміс, қола жүлдегерлері атанып, Сыр елінің абыройын асырды.
Кездесуде басқарма басшысы бұл жеңіс Сыр елінің ғана емес, ел мерейін асырған ерекше сәт деп жас өрендерге ақжолтай тілегін арнады.
Ең алдымен Сіздерді Түркия жеріндегі жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтаймын. Әлем елдерінің 100-ге жуық дарынды жастары қатысқан білім додасында оқ бойы оза шауып, үш бірдей медальді иелену үлкен жетістік. Бұл ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыздың ортақ жемісі. Білім көгінде жұлдыздарыңыз биіктен жарқырай берсін деген тілегімді білдіремін, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Жүздесуде Мейрамбек Зинабдинұлы дарынды оқушыларға аймақ абыройын асырып, білім додасында алға шыққаны үшін арнайы естелік сыйлықтар табыс етті. Өз кезегінде жас өрендерді даярлаған «Жаңақорған Арифметика Мектебі» жеке оқу орталығының жетекшісі Абсаттарова Айнаш сенім білдіріп, қолдау көрсеткені үшін алғысын айтып, білім сынында бұдан да жақсы жетістіктерге жететінін жеткізді.
Айта кетейік, Аслан Нүрідін Жаңақорған ауданындағы №51 мектептің, Нұрасыл Асылхан №163 мектептің 6 сынып оқушылары, Ясин Жандосулы №110 мектепте 3 сынып оқушысы, ал Камила Тәнірберген Жұмаділлә атындағы дарын мектебінде 2 сыныпта оқиды. Осы кезеңге дейін де жас өрендер республикалық, облыстық, қалалық олимпиаданың жеңімпазы атанған.
Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<