Халықтың 5 пайызы 560 мың теңгеден жоғары айлық алады – статистика

442

0

Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов Мәжіліс кулуарында журналистерге еңбекақы статистикасы қалай жүргізілетінін түсіндірді деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша орташа айлық көлемі 340 мың теңге болды деп отырмыз. Айлықтың диапазоны өте кең. 70 мың, тіпті одан да аз алатындар бар. Олардың үлесі 5-6 пайыз ғана.

Аса жоғары деңгейде айлық алатын санат бар. 1-2 млн теңге немесе одан да көп алады. Ең жоғары айлық алатын 5 пайызды айтсақ, олар 560 мың теңгеден жоғары табады», – деді ол.

Бюро басшысы елдегі медианалық және модальдық айлықтың мөлшерін атады.

«Медианалық айлықты да өлшейміз. Медианалық дегеніміз, жұмыс істейтін халықты табысына байланысты теңдей екіге бөледі. Бұл шама бізде бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша – 225 мың теңге болды. Яғни орташа айлық медианалық айлық көлемінен өзгеше болуы мүмкін.

Үшінші өлшем – модальдық айлық. Бұл – елдегі ең жиі кездесетін айлық деген сөз. Оны біз жылына бір рет қана жариялаймыз. Мысалы, былтыр оның мөлшері 68 мың теңге болған. Яғни мен депутаттардың статистика өтірік сөйлейді деген пікірімен келіспеймін», – деді Жандос Шаймарданов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<