Халықтың кредит алуын төмендету бойынша қандай шаралар қабылдануда

508

0

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда азаматтардың несие алуын азайту жолында қандай шаралар қабылданып, іске асуда. Бұл туралы толығырақ ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтардың тұтынушылық кредиттер бойынша берешегінің өсуін шектеу үшін өткен жылдан бастап жеке тұлғалардың 3 ай бойы төленбей келген қарыздары мен микрокредиттеріне сыйақы есептеуге тыйым салынды. Нәтижесінде өткен жылы 45 күнге 50 АЕК көлемінде кепілсіз микрокредиттер бойынша сыйақының шекті мөлшерлемесі 30%-дан 20%-ға дейін төмендетілді. Сондай-ақ микроқаржы ұйымдарының қызметіне тексеру жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша талаптарды сақтамаған 23 микроқаржы ұйымының лицензиясы қайтарып алынды», – деді Мәдина Әбілқасымова Үкімет отырысында.

Агенттік басшысының айтуынша, тұтынушылық кредит беру коэффициенті заим алушының жиынтық кірісінің 50%-ы деңгейінде белгіленді. Сондай-ақ табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға несие беруге тыйым салынды.

«2022 жылы борыш жүктемесі коэффициенті пруденциялық норматив ретінде белгіленді. Аталған нормативті банктер мен микроқаржы ұйымдары қатаң сақтауы тиіс. Сонымен бірге несие алушының кірісін есептеу күшейтілді. Мәселен, расталған кірістер тізбесі 18-ден 12 өлшемшартқа дейін қысқартылды. Өткен жылы борыш жүктемесі нормативін есептеу микрокредит сомасына қарамастан жеке тұлғалардың барлық микрокредиттері бойынша белгіленді. Ал бұрын аз сомаға микрокредиттер берген кезде борыш жүктемесі коэффициенті есептелмейтін еді», – дейді ол.

Одан бөлек, тұтынушылық кредит беруде банктер мен микроқаржы ұйымдардың қызметін реттеу шаралары қатаңдатылғаны айтылды.

«Мәселен, банктерге 2 млн теңдеген астам ірі тұтынушылық кредит беруді шектеу үшін өткен жылы қазанда тәуекел-саралау коэффициенттері 150%-дан 350%-ға дейін көтерілді. Сонымен қатар микроқаржы ұйымының меншікті капиталының жеткіліктілік коэффициентін есептеу кезінде кепілсіз онлайн микрокредит беру нарығын бәсеңдету мақсатында тұтынушылық микрокредиттерді саралау 5 есе ұлғайды», – деді М.Әбілқасымова.

Оның мәліметінше, 2021 жылдан бастап елімізде проблемалық берешекті сотқа дейінгі реттеудің бірыңғай тәртібі енгізілді.

«Микроқаржы ұйымдары беретін проблемалық тұтынушылық микрокредиттердің деңгейін азайту үшін өткен жылғы желтоқсанда 90 күннен астам мерзімі өткен микрокредиттердің үлесі бойынша 20%-дан аспайтын деңгейде лимит қойылды. Лимиттен асып кету меншікті капиталдың жеткіліктілігі нормативін сақтамау болып табылады және салдарынан микроқаржылық қызметке берілген лицензия қайтарып алынады», – дейді агенттік төрағасы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<