Хусамуддин әс-Сығанақи атындағы ислам институты ашылды

845

0

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Хусамуддин әс-Сығанақи атындағы ислам институты ашылды. Оқу орнының ашылу салтанатына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, институт жұмысына сәттілік тіледі.

ҚМДБ Төрағасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл жеті бағыт бойынша айтаралықтай жұмыстар атқарып келе жатқанын, соның бірі Діни білім және ғылым бағыты екенін алға тартты.

«Діни басқарманың негізгі жұмыс бағыты саналатын бұл сала бойынша биыл бірқатар маңызды іс-шаралар атқаруды жоспарладық. Жыл басындағы бағдарлық баяндамамда елордадан арнайы терең діни білім беретін «Ислам орталығын» ашуды ұсынған болатынмын. Бұл орталықтың мақсаты – имамдарға терең білім беру, классикалық еңбектерді оқыту, араб тілін жетік меңгеруіне ықпал ету, діни мәселелерді түсіндіру қабілетін ашу. Сондай-ақ діни білім іздеп шетелге кететін жастардың өз елімізде білімін жетілдіруіне мүмкіндік береді. Міне, бүгін өздеріңіздің алдарыңызда осы институттың ашылу салтанатын өткізіп отырмыз. Сығанақ көшесінің бойында орналасқан Ислам институтына елімізден шыққан дін ғұламасы Хусамуддин ас-Сығанақи бабамыздың есімі беріліп отыр» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ Бас мүфти институтта Нұр-Мүбарак университетін, ҚМДБ-ға қарасты медресе-колледжерді тәмамдаған түлектер мен имамдар білімін тереңдете алатынын айтты. Сонымен қатар жас қариларды жігерлендіру мақсатында институт жанынан Ижаза беру орталығы ашылғанын атап өтті. «Бірнеше бағыттан тұратын Ижаза беру орталығын тәмамдаған шәкірттер ижаза куәлігіне қол жеткізеді. Бұл –терең діни білім алам, Құранды толық жаттаймын деген жас мамандардың, болашақ ғалымдардың рухани әрі ғылыми орталығы болады деген сенімдемін» деді ҚМДБ Төрағасы.

Бас мүфти салтанатты шараға жиылған көпшілікке Хусамуддин әс-Сығанақи атындағы ислам институтының директоры қызметіне Бағдат Манабаевтың тағайындалғанын хабарлап, қызметіне табыс тіледі. Салтанатты шара барысында абайтанушы-ғалым, профессор Ғарифолла Есім, Нұр-Мүбарак университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.

muftyat.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<