Қызылордада егесіз тұрған «Mercedes» автокөлігі толығымен жанып кетті.
Оқиға облыс орталығындағы Сырдария өзенінің сол жағалауында болды.
Төтенше жағдайлар департаментіне бұл жөніндегі хабар 2 ақпанда жергілікті уақытпен 20.10-да келіп түскен.
Оған №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен 1 техника мен 5 қызметкер шыққан.
«Өрт сөндірушілер оқиға орнына 20.20-да жетті. Анықталғаны, олар барған сәтте «Mercedes» автокөлігі толығымен жанып жатқан. Сағат 20.26-да өрт толығымен сөндірілді. Оқиға маңында автокөлік иесінің жоқ екені анықталды», – деп мәлім етті облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері де келіп жетті. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Кейіннен көлік иесінің кім екені анықталды. Ол қаладағы Бөкейхан көшесінде тұратын 1998 жылы дүниеге келген азамат болып шықты.
«Аталған дерек «Ақпараттарды есепке алу кітабына» тіркелген. Өрттің шығу себебін анықтау үшін құжаттар қалалық төтенше жағдайлар басқармасына жолданған» деп мәлімдеді Қызылорда қалалық полиция басқармасы.
Әділжан ҮМБЕТ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<