Ілияс Жансүгіров өміріндегі Қызылорда кезеңі

5

0

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров әдеби музейі қорының негізінде «Ілияс Жансүгіров және Қызылорда кезеңі» атты көшпелі көрменің салтанатты ашылуы өтті.

Иә, «Ілияс Жансүгіров пен Қы­зыл­орда қаласының арасында қан­дай байланыс бар?» деген сұрақ бо­луы заңды. Алдымен осы сұраққа жа­уап беріп өтсек, Мәскеудегі мем­ле­кеттік журналистика институтын 1928 жылы бітіріп келген қа­лам­гер сол жылдары ел астанасы болған Қызылорда қаласына келіп, «Еңбекші қазақ» газетінен еңбек жолын бастаған екен. Сондай-ақ осы жыл­­дары оның ұлт руханиятына қал­дырған көлемді туындыларының негізі қаланған.

Алаштың астанасы болған тарихи шаһарда қызмет атқарған жылдары –  ақынның шығармашылық тұр­ғыдан кемелденіп, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласқан шағы. Сол кезеңдегі әдеби орта, шығарма­шы­лық ізденістер мен рухани серпіліс көрме мазмұнында кеңінен көрініс тапқан.

І.Жансүгіров атындағы әдеби музей ұйымдастырған көшпелі көр­меде ақынның тұтынған заттары, отбасылық бұйымдары, қолжазбалары, фотосу­рет­те­рі, құнды архивтік құжаттары мен та­рихи деректері көпшілік назарына ұсынылды.

Мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, драматург, прозаик, сатирик, журналист, аудармашы және педагог Ілияс Жансүгіров 1894 жылы Ал­маты облысы Ақсу ауданында өмір­ге келген.

Алғашында өз әкесінен, ауыл мол­даларынан сауат ашқан ол ауы­лындағы бастауыш мектепті бітір­ген­нен кейін Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсқа түс­кен. Оқуын бітірген соң ауылында мұғалім болып, кейін «Тілші» газе­тінде қызмет атқарды.

1922 жылы Алматыда Қазақ ағарту институтының меңгерушісі бо­лып тағайындалса, 1925 жылы Мәс­кеудегі Журналистика институ­тына оқуға түсті. Жоғарыда айтып өткеніміздей, институтты бітіріп келіп, «Еңбекші қазақ» газетіне қыз­метке орналасқан. Осы жылдары қалам­гер Қазақстан Жазушылар одағын ұйым­дастыру ісіне де белсене қатысқан. Ал 1934 жылы өткен І съезде Қазақстан Жазушылар ода­ғы­ның алғашқы төрағасы болып сай­ланған. Елдің қоғамдық-саяси өмі­рінде ерекше көзге түскен Ілияс Жан­сүгіровті жалған жаламен 1937 жылы НКВД тұтқындап, бір жылдан кейін  ату жазасына кесілген. Ақын арада жиырма жылдан астам уақыт өткенде, яғни 1958 жылы Қазақ КСР Жоғарғы сот шешімімен ақталды.

Көшпелі көрменің ашылуында сөз сөйлеген облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев ұлт руханиятына қызмет еткен аяулы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын, сонымен бірге, артында қалған қымбат мұраларын бүгінгі ұрпаққа насихаттаудың ма­ңы­зы зор екенін атап өтті. Бұл ба­ғыт­та музей қызметкерлерінің жыл бойы ерекше ізденіспен еңбек етіп, еліміздің әр аймағымен рухани байланыс орнатылатынын айтты. Осы орайда шығармашылық сапармен келген Ілияс Жансүгіров атындағы әде­би музей ұжымына алғысын біл­дірді.

– Ілияс Жансүгіровтің жүріп өт­кен жолы, азаматтық ісі, артында қалдырған мұрасы бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Ақын небәрі 44 жыл өмір сүрді. Оның жиырма жылын әдебиет майданында өткерген қаламгер халқының тарихына, мәде­ниетіне, салт-дәстүріне арнап фило­софиялық мәні зор шығармалар қал­­дырды. Жай ақын емес, қазақ поэ­­зиясына революциялық өзгеріс әкелген ақын. Шығармалары бірне­ше шетел тілдеріне аударылған.

Ол туған жерін жан жүрегімен сүйіп, демі біткенше қызмет етті. Бүгінде музейде ақын өміріне қа­тысты 6 мыңнан астам жәдігер бар. Оның ішінде ақынның баспа машинкасын, киген киімдерін отбасының тұтынған ыдыстарын көруге болады. Бұдан бөлек, Мәскеуге арнайы іссапармен барып, 20-ға жуық кітап пен 70-ке жуық маңызды дерек әкел­дік, –дейді музей директоры Нұргүл Қызырбекқызы.

Іс-шарада Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқы­тушысы, филология ғылымда­ры­ның кандидаты Айман Айтбаева сөз алып, ақын Ілияс Жансүгіров өмі­ріне қатысты көптеген маңызды деректі ортаға салды.

– Қызылорда астана болған уақы­тында ақын-жазушылар, журналис­тер, ағартушылар, қоғам қайрат­кер­лері жалпы қазақ зиялылары осын­да жиналды. Сол жылдары Ілияс Жансүгіровтің шығарма­шы­лы­ғымен қатар азаматтық болмысы қалып­тасты. Әйгілі «Құлагер» поэ­масы өмірге келді. Айта кетуіміз керек, ақынның тағдыры осы Құла­гердің тағдырымен өте ұқсас. Жалпы бұл тақырыптар алдағы уақытта білім алушылар үшін ғылыми жоба­ларға арқау болса, құны арта түсер еді, – дейді ғалым.

Көшпелі көрме баспасөз конференциясымен жалғасын тауып, музей ұжымдары рухани байланысты нығайту бағытында өзара меморандум жасасты. Облыстық тарихи-өл­кетану музейіне І.Жансүгіровтің үш томдығы және жеке кітап болып шық­қан «Құлагер» поэмасы тарту етілді.

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері, жоғары оқу орындарының оқытушы­лары мен студенттері, сондай-ақ бұ­қаралық ақпарат құралдарының өкіл­дері қатысты. Көрме 25 ақпанға дейін жалғасады.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»