Иммундау апталығы: вакциналар жыл сайын 4 млн астам адамның өмірін сақтайды

666

0

Фото: freepik.com

24-30 сәуір аралығында әлемде жыл сайын иммундау апталығы өтеді. Бұл іс-шара барлық континенттердегі 180-нен астам ел қатысатын әлемдік жобаға айналды. Осы жылдың иммундау апталығының ұраны «Бәріміз ұзақ өмір сүрейік». ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас аллерголог-иммунологы Арай Батырбаева вакцинацияның маңыздылығы туралы айтты.

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының республикалық аллергология орталығының басшысы Арай Батырбаеваның айтуынша, вакцинация — адам ауру қоздырғыштарымен байланысқа түскенге дейін аурудан қорғаудың қарапайым, қауіпсіз және тиімді әдісі. 

Ол бірқатар жұқпалы ауруға төзімділікті қалыптастыру үшін организмнің табиғи қорғаныс механизмдерін қолданады және иммундық жүйені күшейтеді.

«Қазіргі заманда жұқпалы аурулар шекарадан оңай өтіп, иммунитеті жоқ кез келген адамға жұғуы ықтимал. Вакцинация өзіңді және айналаңдағыларды қорғауға мүмкіндік береді. Кез келген адам екпе салдыра алады. Бірақ белгілі бір аурулары бар адамдарға кейбір екпелерді салуға болмайды немесе кейінірек салдыруына болады. Ол бірқатар аурудан қорғайды, соның ішінде: жатыр мойны обыры, В гепатиті, тұмау, қызылша, менингит, көкжөтел, пневмония, полиомиелит, құтыру, желшешек және тағы басқалары. ДДҰ бағалауы бойынша, тек балаларға арналған вакциналар жыл сайын 4 миллионнан астам адамның өмірін сақтайды», — деді иммунолог.

Дәрігердің сөзінше, вакцинация қауіпсіз және әдетте қолдың ауыруы, инъекция орнындағы қызару және төмен температура сияқты жеңіл жанама әсерлерді тудырады. Ауыр жанама өте сирек кездеседі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<