Индонезияда 50 жастағы әйелді питон жұтып қойды

362

0

Фото: Daily Mail

Индонезияда алып питон әйелді жұтып қойды. Әйел жыланның асқазанынан бір күннен кейін табылған. Бұл туралы BBC жазды.

Фарида есімді 50 жастағы әйел, төрт баланың анасы Калемпанг ауылында үйінің жанындағы орманда жоғалып кеткен. Ол бақшасындағы көкөністерді сату үшін базарға бара жатқан.

Түнде қайтып келмеген соң Фариданың күйеуі уайымдап, көршілерімен бірге оны іздеуге кіріседі. Олар келесі күні бұталардың арасынан іші қатты үлкейген алты метрлік алып питонды тапқан. Бұдан күдіктенген ауыл тұрғындары терісін кесіп, әйелді жыланның ішінен тауып алды.

Фариданың күйеуі Нони әйелінің жалғыз кетуіне рұқсат бергені үшін қатты өкінетінін айтады.

«Егер мен сол күні онымен болғанымда, питон оған жақындауға батылы жетпес еді. Оның қандай азап шеккенін елестете де алмаймын. Қатты өкінемін», – дейді ол.

Мұндай жағдай Индонезияда бірінші рет болып отырған жоқ. 2022 жылы Суматра аралындағы Джамби провинциясында питон Джара есімді әйелді түгелімен жұтып қойған. Ол плантацияға жұмысқа кетіп, сол күні кешке үйіне оралмаған. Оны да ауыл тұрғындары іздеп, алып питонның ішінен шығарып алған еді.

«Жәбірленуші жыланның асқазанынан табылды», – деді жергілікті полиция басшысы сол кезде жергілікті БАҚ-қа.

Табылған кезде оның денесі зақымдалмаған болып шықты. Алайда мұндай жағдай өте сирек кездеседі. 2017 жылдан бері Индонезияда төрт адам осылай көз жұмған.

Торлы питон (Malayopython reticulatus) – әлемдегі ең ұзын жылан. Оның мөлшері 6,25 метрден асады. Ғылымға сүйенсек, көлемі 10 метр ең ұзын торлы питон 1912 жылы табылған.

Торлы питондар Оңтүстік-Шығыс Азияда мекендейді. Индонезияның қалалық өркениеттен алыс джунглилерінде торлы питондардың үлкен популяциясы бар. Олар жақсы жүзеді, кейде тіпті ашық теңізге де жүзеді. Сонымен қатар кешке және түнде аң аулағанды, жорыққа шыққанды ​​жөн көреді. Ал күнін ағаштардың жанында немесе үңгірлерде өткізеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<