Инфляцияның кезекті толқыны

412

0

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазақстанда қымбатшылық ай сайын жоғары қарқынмен өсіп жатыр. Ұлттық статистика бюросы қарашаның қорытындысы бойынша жылдық мәндегі инфляция деңгейі 19,6%-ға жетті деп мәлімдеді. Бұл – 2010 жылдан бері тіркеліп тұрған ең жоғары көрсеткіш. Жалпы, жыл басынан бері тауарлар мен қызметтер бағасы орташа алғанда 18,9%-ға артты.

Базалық сценарийде биыл болжам бойынша жылдық инфляция 20-21% деңгейінде қа­лыптасады. Бағалау бойынша инфляцияның шарықтау шегі 2023 жылдың I тоқсанында бо­лады деп болжанады

Инфляциямен күресетін негізгі құрал – базалық пайыз­дық мөлшерлеме тағы да қым­бат­тады. 5 желтоқсан күні Ұлт­тық банк базалық ставканы 16,75% деңгейінде белгілеу тура­­лы шешім қабылдады. Ұлттық банк түсініктемесінде халықтың және кәсіпорындардың жоғары инфля­циялық күтулері мен тұты­ну­шылық кредиттің өсуі – кү­шейтуші проинфляциялық факторлар деп көрсетіледі.

«Базалық сценарийде биыл бол­жам бойынша жылдық инфля­ция 20-21% деңгейінде қа­­лып­тасады. Бағалау бойынша инфляцияның шарықтау шегі 2023 жылдың I тоқсанында бо­лады деп болжанады. 2024 жылы ішкі сұраныстың өсуі және күтудің мейілінше баяу төмендеуінен инф­ляция 7-9% шегінде болжанады. Ин­фляцияның осы траекториясы инфляциялық жағдай­дың жеңілдеуіне қарай және дәнді дақылдардың бағасы тұрақталған cоң инфляциялық күтулер төмендеп, тарихи орташа деңгейде болатын жағдайда күтіледі.

 Бұл инфляцияның бұдан кейін нысаналы бағдарға жетуіне мүмкіндік береді. Инфляция бойынша болжам тәуекелдері геосаяси шиеленістің салдарына және оның одан әрі дамуына қатысты белгісіздікке, сауданы құрылымдық қайта құру кезеңінің ұзақтығына, инфляциялық күтудің жоғары және тұрақсыз болуына, жоғары азық-түлік инфляциясының сақталуына байланысты», делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Базалық ставканы өсіру осы­мен тоқтауы мүмкін. Өйт­кені хабарламада базалық мөл­шерлемені көтеру циклы аяқ­талуға жақын деп мәлім­делген.

«Базалық мөлшерлеменің ағымда­ғы деңгейі жеткілікті жоғары деп бағаланады. Базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт бойы ағымдағы мәндерде сақтау инфляцияны тұрақтандыруға және оны ортамерзімді перспективада біртіндеп төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңа проинфляциялық күт­пеген өзгерістер болмаса, ақша-кре­дит саясатын одан әрі қатаңдату ықтималдығы төмен деп бағаланады», деп жазылған.

Сарапшылар инфляцияның қар­қынды өсіміне сыртқы факторлар себеп болып жатыр дегенді айтады. Мысалы, жеткізу тізбегінің бұзылуы – бас­ты әсер етуші фактор. Логис­ти­калық қиындықтарға байланыс­ты кәсіпкерлер әкелген тауарына үстеме баға қосады. Бұл соңғы тұтынушыға жеткенше бірнеше есе қымбаттайды. Осылайша, еліміз тұтыну тауарларын шеттен сатып алу арқылы инфляцияны да қоса импорттап отыр.

Жалпы, ел арасында инфля­цияның шынайы көрсет­кішіне қатысты сенім­сіздік бар екені белгілі. Олар­дың ойынша, бейресми инфляция шын мәнінде қазіргіден (19,6 пайыз) әлдеқайда жоғары болуы ықтимал. «Jusan Analytics» зерттеу орталығының басқарушы директоры Әнуар Қуандықовтың сөзіне қарағанда, ресми статистикаға сенімсіздік білдіруге негіз жоқ.

«Ресми инфляция халықтың жалпы тұтыну қоржыны бо­йын­ша есептеледі. Ол қор­жынға тамақ өнімдерінің 160 түрі, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың 243 түрі және ақылы қызметтердің 105 түрі енеді. Тауарлар мен қыз­меттердің бағасы, өзгеру уа­қыты мен қажет­тілігі әртүрлі. Сондықтан жалпы қым­бат­шылық пен жеке адамның тү­сіні­гіндегі қымбатшылық ара­сында айырмашылық болып тұрады. Біздің болжам бойынша жылдың соңына дейін бағалар 20,7-21,2%-ға дейін өседі. Мұн­да тауарлардың барлық түрі қымбаттайды. Әсіресе азық-түлік тауарлары бойынша баға өседі. Өйт­кені олар арзандайтын маусым аяқталды», дейді орталық басшысы.

Сарапшы инфляцияны кү­шейтіп отыр­ған сыртқы және ішкі фактор­ларға да тоқталды.

«Әлемде азық-түлік пен қуат көз­дерінің бағалары өршіп тұр. Энер­гия тасымалдағыштардың қымбат­тағаны Қазақстан үшін, әрине, тиімді. Өйткені біз оны экспортқа шығарамыз. Бірақ екінші жағынан бұл тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына жанама түрде болса да әсер етеді. Екіншіден, бізбен сауда жасайтын барлық әріптес мемлекеттерде инфляция жоғары. Геосаяси шиеленіске байланыс­­­ты өндіріске қажетті шикізат пен дайын тауарды жеткізу жолдары қиындады. Оның үстіне, теңге әлсіз. Осының барлығы шетелден әкелінетін тауар­лар­дың қымбаттауына жол ашады. Ішкі факторлар – бюджеттен бөлінетін шығындардың көбеюі және кредиттердің көптеп бе­рілуі. Осының барлығы түп­теп келгенде тауарлар мен қызмет­терге деген сұранысты арттырады. Ең со­ңында қымбат­шы­лыққа қатысты ха­лықтың көңілсіз көзқарасы, уайымы қымбатшылықты одан әрі ушық­тырып жібереді», деп түсіндірді Әнуар Қуандықов.

Оның айтуынша, инфляция­ны ретке келтірудің басқа да жолдары бар.

«Негізгі шаралар ретінде Үкі­мет пен Ұлттық банктің өзара келісілген үйлесімді саясатын айтуға болады. Сонымен бірге теңгенің құбылмалы айыр­­бас бағамын қамтамасыз ету ма­ңызды. Ол сырттан және іштен келетін күйзелістерді өзіне сіңіріп, олардың экономикаға өтіп кетуіне жол бермейді. Технологиясы күрде­лі, терең өңдел­ген дайын тауарларды өн­діру арқылы экономиканы әр­тараптандыру керек. Бұл шетелден келетін инфляцияны тежеп, теңге бағамына оң әсерін тигізеді», деді сарапшы.

Сарапшылар базалық мөл­шер­­ле­мені жоғарылатудан қорықпау қажет деген ой айтады. Пайыздық мөлшерлеменің өсуі несиені қымбат етеді, тиісінше депозитке ақша жинау­дың тартымдылығы артады. Азаматтардың депозиттегі ақшасы бұрынғыдан да жоғары ставкамен көбейеді. Ал несие көп алынбаған соң нарықтағы тауарларға деген сұраныс та төмендейді. Сөйтіп, инфляция табиғи жолмен төмендейді. Ұлттық банктің ұстанымы осы­ған саяды.

«Ұлттық банк базалық ставканы 0,75 пайызға, қаржыгерлер тілімен 75 базисті пунктке көтерді. Енді автоматты түрде кредит қымбаттап, ал депозит тиімді бола түспек. Шамамен депозит мөлшерлемелері 18,25% көр­сетуге тиіс. Қазақстан халқы ақ­шаны құрту моделінен кетіп, жинақ­тау үлгісіне толық ауыса ма? Бізде қазір 19,4 трлн теңге депозит бар. Оның 35,5 пайызы долларда. Базалық ставканың өсуі долларсыздандыруды кү­шейтіп, доллардағы салымдар үлесін азайтуға тиіс. Тиісінше теңге салымдары көбейеді», деп жазады Dalainside телеграм-каналы.

Ұлттық банктің базалық мө­л­шер­лемеге қатысты саяса­тының нәти­жесін келер жылы байқайтын боламыз. Ал базалық мөлшерлемеге байланысты келесі кезекті шешім 2023 жылы 13 қаңтарда жарияланады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<