Инклюзивті театр: өнерге әркімнің де бар таласы

10

0

Қызылорда қаласында ерекше театр бар. Ерекшелігі, онда өнері өрге сүйреген өмірге ғашық жандар еңбек етеді. «Арман» инклюзивті театрының мақсаты – олардың сахнаға қызығушылығын арттырып, шығармашылығын қолдау, халыққа кеңінен насихаттау. 2022 жылы үйірме болып ашылып, 2023 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен Тасбөгет кентіндегі Сәбира Майқанова атындағы мәдениет үйі жанынан инклюзивті театр болып қайта құрылған шығармашылық ұжымның жұмысымен біз де танысып қайттық.

Театр құру ісінің басында Талғат Телеубаев пен Бақытжан Қадіров тұр­ғанын айтуға тиіспіз. Идея 2018 жылы еріктілердің көмегімен қайырым­ды­лық концертін ұйымдастыру барысында туындаған.

– Концертте Гогольдің классикаға айналған «Ревизор» спектаклінен үзін­ді орындадық. Сол кезде тағдырлас жандардың арасында небір өнерлілер көп екеніне көзіміз жетіп, олардың басын қосып театр ашу туралы ой келді. Мүмкіндігі шектеулі қаншама адам үйде қамалып отырғанша қоғаммен араласқанын қаладық. Жергілікті әкім­­дікке жоспарымызды ұсындық, ол үшін алдымен қоғамдық қор ашу керек екен. Сөйтіп жүргенде карантин жарияланып, бастамамыз үзіліп қалды. 2023 жылы жобамызды облыс әкімі қолдап, театрдың шы­мылдығы «Қо­лымнан ұста» атты спектакльмен ашылды. Көрермен мұны ыстық ықы­ласпен қабылдады, – дейді театр жетекшілерінің бірі Бақытжан Қадіров.

Өнер тобының құрамында 8 адам бар. Соның бірі – Сая Абашова.

– Өзім бала күнімнен түрлі бай­қау­ларға қатысып, сахнада көрініп жүр­мін. Бойымда өнерім барын байқа­ған Бақытжан аға мені осы жұ­мыс­қа шақырды. Келгеннен кейін «Көр­шілер» спектаклінде басты рольді сом­дадым. Ең алғашқы ролім болған­дықтан маған сол образ қатты сіңіп қалды. Содан кейін мен үшін егде жас­тағы әйелдердің ролін сомдау қиын болмай қалды. Өзіме спектакльге дайындық, яғни шығармашылық про­цесс ұнайды. Режиссер де, декоратор да жұмысты біздің жағдайымызға қа­рай ұйымдастырады. Өткен жылы «Арман» инклюзивті театры ең үздік әлеуметтік жоба ретінде танылды. Ал театр өкілдері жекелеген өнер додаларында топ жарып жүрміз, – дейді ол.

Кейіпкеріміз театрдағы жауапкер­шілігі мол жұмыстан бөлек үлкен тен­нисті де қатар алып жүр. Жуырда ғана Қазақстан чемпионаты мен кубогында үшінші орын иеленіп, мүмкіндігі шектеусіз екенін тағы дәлелдеді.

Театр құрамында кәсіби актер, актрисалар да еңбек етеді. Мүгедектігі бар жандар олардан көп нәрсе үйренді. Ал қазіргі күні өздері де облыс ор­талығындағы университеттердің бі­рін­де өнер бағытындағы мамандық бо­йынша білім алуда.

Бақытжан Қадіров әңгіме барысында кейбір мәселелерді алға тартты.

– Бізде штат жетіспейді. Көлемді қойылымдарды сахналағымыз келе­ді, маман тапшы болғандықтан сырт­тан актерлер шақыруға тура келеді. Әйтпесе, өз арамызда еңбек етуге қа­білетті жастар көп. Штат жетіс­пеу­шілігіне байланысты режиссерді го­норарға жалдаймыз. Спектакль таң­дағанда өзім кітапханаларға барып, түнге дейін кітап ақтарам. Өйткені біреу арбада, екіншісі ұзақ түрегеліп тұра алмайды. Сондықтан денсаулық жағдайына қарай таңдауға тиіспіз, – дейді театр жетекшісі.

Ресми түрде ашылғалы бері театр өнерпаздары «Көршілер», «Қуырдақ дайын», «Әкемнің шалғысы», «Әпке» сияқты қойылымдарды сахналады. Ал жуырда Қалтай Мұхамеджановтың «Осылай да кездесу болады…» атты спектаклін көрермен назарына ұсын­ды. Оны бүгінде режиссерлік қыры­мен танылып жүрген Н.Бекежанов атын­дағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының актері Батырхан Амангелдиев сахналады.

– Кәсіби актер болған соң біз кә­сіби атаулар мен терминдерге үйрен­генбіз. Ал инклюзивті театрда әріп­тестерімізге бәрін жалпақ тілмен тү­сін­діруге тура келеді. Осы жағынан қиын­дық болғанын жасырмаймын. Бұл кедергілерден ақырындап өтіп келемін. Өмірдегі сияқты мұнда да бәрі өзің күткендей бола бермейді. Жоспарың жұмыс процесіне қарай өзгереді. Дегенмен, олардың талпынысы мен қайсарлығының арқасында адымдап келеміз, – дейді ол.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»