Инновацияларды дамыту мәселесі қаралды

5

0

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде инновацияларды дамыту мәселесі қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.

Үкімет отырысынан кейін инновацияларды дамыту, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін эконо­миканың барлық саласына енгізу ба­ғытын­дағы жұмыстар жан-жақты талқы­ланып, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктелді.

– Ғылыми зерттеулер нәтижелерін өн­діріске енгізуге ірі кәсіпорындарды тар­ту керек. Агроөнеркәсіп пен құрылыс ин­дустрия­­сында кластерлер құру, өндірісті цифр­лан­дыру процесін жандандыру үшін жаңа техно­логияларды енгізу маңызды.

Өткен жылдан бері өңірлік ғылымды дамытып, өндіріспен байланыстыруда жер­гі­лікті атқарушы органдарға жаңа міндеттер жүктелді. Арнайы ғылыми кеңес құрылды. Құра­мына тиісті салалық басқармалар, өңірлік жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары енгізілді.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситеті, «Болашақ», Ашық университеттері, Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, өндірісте қол­да­нуға, нарыққа шығаруға жарамды ғылыми жобалар әзірлеп, өңірлік ғылыми кеңестің қарауына ұсыныңыздар.

Жергілікті ғалымдарымызды республи­калық, халықаралық қорлар арқылы қаржы­лан­дырылатын ғылыми жоба байқауларына қатыстыру, ынталандыру шараларын қабылдау қажет. Инвесторлармен ынтымақтастық орна­тып, өңірімізде технологиялық парктер, ғы­лыми орталықтар құру керек, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Айта кетейік, аймақтың өңдеу өнеркә­сібіндегі 12 ірі кәсіпорын өндірісте цифр­лан­дыру жүйелерін қолданады. Атап айт­қанда, «Қазгермұнай» серіктестігінде «Интел­лек­туалды кен орны» жобасы іске асырылуда. Сонымен қатар, уран өндіретін 3 компанияда өндірістік процесс толық цифрландырылған.

Жаңа жылу-электр орталығында АҚШ, Италия, Чехия және Түркияның заманауи авто­мат­тандырылған технологиялары пайда­ланылады. Ал «Шалқия» кен орнында пайдалы қазбаларды автоматты түрде ажырататын жа­санды интеллект технологиясы енгізілген.

Алдағы кезеңде қатты тұрмыстық қалдық­тарды сұрыптау зауытында роботтан­ды­рыл­ған жүйелерді енгізу, сондай-ақ бір­қатар кә­сіпорын­ның бизнес-процесіне жа­сан­ды ин­тел­лект элементтерін пайдалану жоспар­ланған.

«Арал» шөгінді бассейнінде 2D модельдеу бойынша зерттеу жұмыстары аяқталды. Со­нымен қатар, «Саутс Ойл» компаниясы «Құм­көл» кен орнындағы қара тақтатас мұнайын өн­діруде инновациялық технологияларды қолдануда.

Өңірде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен 9 ұйым айналысады. Соңғы үш жылда гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында жалпы сомасы 2 млрд 300 млн теңгенің 23 ғылыми жобасы жүзеге асырылып келеді.