Көпшілікті қызықтырған құрылғы

2481

0

Қызылордалық өнертапқыш Марат Палмахов ойлап тапқан «Мәңгілік қозғалтқыш» құрылғысы көпшілікті қызықтырып отыр. Бұл жоба аса көп шығынды қажет етпейді. Оған қоса экологиялық тиімділігі зор. Өнертапқышпен жүздесіп, аталған құрылғы жөнінде және өзге де жобалары жөнінде ой бөліскен еді.

– Жақында аталған жобаға байланысты тиісті орындардан арнайы патент алғаныңды білеміз. Оған сұраныс жағы қалай болып жатыр?

– Бұл қарапайым заттар мен құралдардан құрастырылған. Баламалы энергия көзі ретінде бағаланады. Алдағы уақытта құрылғы зор сұранысқа ие болады деген үміттемін.

Менің бала кезімнен тың идеяларды жүзеге асыруға ынтам зор болды. Жергілікті арнаулы оқу орындырының бірінде білім алып жүрген уақытымда осындай ой мені мазалайтын. Аталған құрылғыға байланысты жобалар сол уақытта ойда жүрген болатын.

– Бұл құрылғының пайдасы қандай болмақ?

– Мен өздігінен электр және сумен қамтамасыз ете алатын автономды генератор жасадым. Оны қолдану өте оңай. Көп шығын да қажет емес. Аталған жобаны өнеркәсіптік өндірісте пайдалануға мүмкіндік бар. Генератор экологиялық материалдардан жиналған. Қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ.

Оған қоса аталған генератор толығымен автономды, яғни оның жұмысы сыртқы факторларға тікелей байланысты емес. Қуат көзі ретінде желді де, суды да, электр энергиясы немесе отынды қажет етпейді. Тиімділігі де сол, бұл құрылғыны алыс елді мекендерде, фазендаларда, омарталарда, фермерлік шаруашылықтарда қолдануға өте ыңғайлы.

– Бұл жобаға елімізде қызығушылық білдіріп жатқандар бар ма?

– Қызығушылық білдіріп хабарласып жатқандар бар. Еліміздегі беделді жоғары оқу орнның бірінен ұсыныс түсті. Тың идея өндіріске енгізіліп, құрылғының тиімділігі дәлелденеді деген сенімдемін.

– Құрылғы жұмысы қалай жүргізіледі?

– Құрылғы жұмысы адамның араласуынсыз жүзеге асырылады, өндірісте өнімділікті арттырады. Тағы бір ерекшелігі, ірі қалаларда экологиялық ахуалдың жақсаруына оң септігін тигізеді. Қолданысқа ыңғайлы әрі шығын аз кетеді. Құрылғы арқылы өндіріс ошақтарын электр қуатымен қамтамасыз етуге әбден болады.

– Жобаны жасауға қанша уақытыңды жұмсадың?

– Қуатты қондырғыны құрастыруға бес жылдан астам уақыт кетті. Алдымен идеяның сұлбасы әзірленді. Одан кейін жоба қағаз бетіне түсіріліп, оның формуласы шығарылды. Су арқылы қуат өндірілетін құрылғыны жасауға қажырлы еңбек жасалды. Осылайша бір кезде арман болған жоба шындыққа айналды. Құрылғы қаншама мәрте құрастырылып шығардым. Қателіктер түзетілді. Сол тәжірибе арқасында қажетті агрегат құрастырылды. Құрылғы электр қуатымен бірге сумен де қамтамасыз етуге қолайлы жағдай жасайды.

– Шынын айтқанда, кейбір елді мекендерді электр қуатымен қамтамасыз ету барысында қиындықтар кездеседі. Бұл жоба сол түйткілді шешуге қаншалықты қауқарлы?

– Құрылғы бір уақытта екі қызметті қатар атқара алады. Ол алыста жатқан елді мекендерді электр қуатымен қамтамасыз етуге жол ашады. Сондай-ақ, ол арқылы биіктеу орналасқан егіс алқаптарын суаруға болады. Тағы бір ерекшелігі, қондырғы климаттық ахуалға тәуелді емес. Күннің көзі мен желдің күшінің қажеті жоқ. Оған судың құятын сағасы мен су көзі болса жеткілікті. Құрылғы қалыпты қысыммен айналып тұрады. Сондықтан артық шығын жоқ.

– Әлемнің көптеген мемлекеттері осындай тың идеяларды жүзеге асырып, қазір сол техникалармен жер-жаһан жұртшылығына кеңінен танылып келеді. Бұған байланысты қандай ұсыныстар айтар едің?

– Жалпы, кейбір өркениетті елдерде әрбір өнертапқыштың өз жобасын жүзеге асыруына мүмкіндігі бар. Қазір әлемнің қай еліне барсаңыз, алдыңыздан Жапония, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттерде жасалған техникалар шығады. Өкініштісі, әзірге бізде осы жағы кемшін түсіп тұр. Келешекте ол дұрыс жолға түседі деген ойдамын. Әйтпесе, бізде де өзге мемлекеттер қызығушылық білдірген өнертабыстар бар. Рас, олардың кейбірі өндіріске де енгізілуде. Алдағы уақытта осындай мәселелерге де баса назар аударған дұрыс деп санаймын.

– Сондай-ақ, бұдан бұрын еліміздің ірі қалаларын түтіннен тазартуға арналған жоба жасағаныңды білеміз. Осы жөнінде кеңінен әңгімелеп берсең.

Иә, ондай жобам да бар. Мен Алматы мен Астана секілді ірі қалаларды түтіннен тазартуға арналған жобаны жасап шықтым. Оған 3 жылдан артық уақытын жұмсадым. Аталған құрылғыны көпқабатты үйлердің төбесіне орналастырып, қуатты желдеткіштер арқылы ауаны сүзгіден өткізуге болады.

Оның есебі бойынша тау бөктеріндегі Алматыны 2-3-ақ жылда түтіннен тазартуға мүмкіндік бар. Құрылғылар кез келген мезгілде үздіксіз әрі дыбыссыз жұмыс істейді.

– Еліміздегі өнертапқыштық жөнінде ойың қандай?

– Рас, біздің елімізде де бұл жөнінен иедясы мықты жастар аз емес. Олардың ұсынған жобалары кеңінен қолдау тауып жатқан жайы бар. Дегенмен әлі де проблемалар жоқ емес. Жалпы, бұл мәселеге баса назар аударғанымыз дұрыс. Сол арқылы озық ойлы жобалар өмірімізге енеді. Оны өзге елдерге ұсына аламыз.

Дәл осындай жастар Қызылорда қаласында да бар. Әрине, мұндай жобаларға қаржылы компаниялар мен кәсіпкерлер де қолдау көрсетсе деймін. Әрбір жобаның тиімділігі дәлелденсе, ол кейіннен мол табысқа жол ашады. Әлемдегі кейбір жобалар осылайша жүзеге асып, кейіннен дүние жүзіне танылды емес пе?

– Әңгімеңе рақмет.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<