Инвестицияларды қорғау жөніндегі форум өтті

8

0

Бас прокуратурада Берік Асыловтың төрағалығымен отандық және шетелдік инвесторлар өкілдерінің қатысуымен Инвестицияларды қорғау жөніндегі форум өтті.

Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің, Парламент Мәжілісінің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Біріккен Ұлттар Ұйымының, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Қазақстан инвесторлары қауымдастығының өкілдері, Еуропалық Одақтың елшісі, сондай-ақ өңірлерден келген инвесторлар мен кәсіпкерлер қатысты.

Сонымен қатар, бейнеконференция байланысы арқылы форумға өңірлердің басшылары мен прокурорлары, сондай-ақ бизнес өкілдері қатысты.

Форум жұмысына бейнеконференция байланысы арқылы облыс прокуроры Р.К. Ожаров, облыс әкімінің орынбасары А.Т. Зебешев, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы қызметкерлері, өңірдегі инвестициялық жобаларды іске асыратын жоба бастамашылары қатысты.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Р.В. Скляр, Мәжіліс Парламентінің вице-спикері Д. Еспаева, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» Президиумының төрағасы Қ. Шарлапаев, сондай-ақ инвесторлар сөз сөйледі.

Форум барысында «Aksa Energy Qyzylorda» серіктестігінің бизнесті дамыту менеджері Мурад Юстел Қызылорда қаласындағы қуаттылығы 240 МВт болатын жаңа жылу электр орталығы жобасын іске асыру барысын баяндап, көрсетілген қолдау мен сүйемелдеу жұмыстарына алғысын білдірді.

Атап өту қажет, инвесторларды қорғау тетігін одан әрі күшейту мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығымен Инвестициялық омбудсменнің функциялары Бас Прокурорға жүктелді (2025 жылғы желтоқсан). Бас прокуратура базасында Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Өңірлерде облыс прокурорларының орынбасарлары деңгейінде инвестициялық прокурорлар тағайындалды.

Қазақстандағы әрбір маңызды инвестициялық жоба прокурорлық сүйемелдеуде болады. Әрбір инвесторға нақты прокурор бекітіледі. Қазіргі уақытта Заңда барлық мемлекеттік органдар үшін «прокурорлық сүзгі» деп аталатын тетік көзделген. Олар прокурордың келісімінсіз инвесторды тексеруге, оның қызметін тоқтатуға, лицензиясын кері қайтарып алуға және өзге де шектеулер енгізуге құқылы емес.

Облыстық деңгейде Өңірлік инвестициялық штаб құрылып, жұмыс жасауда. Оның ай сайын отырыстары өткізіліп, инвестициялық жобалардың мәселелері мен сұрақтары қаралып, тиісті шешімдер қабылдануда.

Инвестициялық жобаларды облыстық деңгейде сүйемелдеу жұмыстары одан әрі де жалғаса беретін болады.