Бүгін аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың және аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжановтың қатысуымен Шиелі ауданында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланған жиын өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары, тиісті сала басшылары сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асырып жатқан кәсіпорын өкілдері қатысты.
Жиын барысында аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың қазіргі жағдайы, іске қосылу мерзімдері және туындап отырған мәселелер қаралып, оларды шешу жолдары талқыланды. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков инвесторлармен тиімді жұмыс жүргізу, жобаларды белгіленген мерзімде іске асыру және жаңа жұмыс орындарын ашу аудан экономикасының дамуына серпін беретінін атап өтті.
Бүгінде аудан бойынша 2025–2030 жылдары жүзеге асырылуы жоспарланған жалпыұлттық жобалар пулы мен өңірлік пулға енгізілген жобалық құны 163,5 млрд теңгені құрайтын 18 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Аталған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда 1024 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Атап айтқанда, 2025 жылы құны 16 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылды. Олардың қатарында «Тесис» ЖШС, «Transshipment 1» ЖШС, «Эко Энерджи Плюс» ЖШС, «Бупежанова» ЖК, «Арсен» ЖК және «Мубарак» ЖК жобалары бар. Бұл жобалар аудан экономикасының дамуына оң әсерін тигізіп, кәсіпкерліктің өркендеуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беруде.
Жиын барысында аудан прокуроры инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде заң талаптарының сақталуы, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және бизнеске кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды болдырмау мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар кәсіпкерлер тарапынан туындайтын мәселелер заң аясында шешімін табатынын атап өтті.
Сонымен қатар, жиын барысында 15 наурызда өткізілетін республикалық референдум аясындағы жаңа Ата заң жобасының негізгі бағыттары мен басымдықтары да түсіндірілді. Ұсынылып отырған реформалар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, заң үстемдігін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғаны айтылды. Алдағы өзгерістер елдің саяси жаңғыруына серпін беріп, әділетті қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болмақ.
Жиын қорытындысында аудан әкімі жауапты сала басшыларына инвестициялық жобалардың уақытылы әрі сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ инвесторлармен тұрақты әрі нәтижелі жұмыс жүргізуді тапсырды.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі






