Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылынан бокс және таэкван-до үйірмелері өз жұмысын бастады. Спорттық үйірмелердің ашылу салтанатына аудан әкімі Ғ.Қазантаев қатысып, жаттықтырушылар мен спортшыларға сәттілік тіледі.– Саңлақ спортшылардың көпшілігі ауылдан шыққаны белгілі. Ауыл спортын дамыту мемлекеттік саясаттың да басым бағыттарының бірі. Халқымызда «Нағыз ер – ел үшін еңбек етеді» деген қанатты сөз бар. Облысымызға белгілі кәсіпкерлер Мұрат және Дәулет Сәрсенбаевтар өз еңбектерін елге арнауда. Бүгін ауылдан таэквон-до және бокс үйірмесінің ашылуына демеушілік көрсетіп, қажетті спорттық заттарға 1 млн.500 мың теңге көлемінде қаржы жұмсап, ауыл балаларының спортпен шұғылдануына жағдай жасауда. Сол себепті, аудан халқының және жеке өзімнің атымнан аталған серіктес қызметкерлеріне алғысымды білдіремін,-деді аудан басшысы.
Айта кету керек, бүгінде бокс үйірмесіне 20-ға жуық ауыл жасы жазылған. Ал, таэкван-до спортымен 18 жасөспірім шұғылдануда. Жаттықтырушылар алдағы уақытта ауылдан спорт жұлдыздарын шығаруды мақсат етіп отыр. Ауыл жастарының спорттық жарыстарға қатысуына «Абай-Дәулет» және «Бесарық» ЖШС қолдау көрсетуге әркез дайын.





