Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровпен кездесті. Кездесуде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда.
Бұл ретте, Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитеті және «Қазақ инвест» ұлттық компаниясы тарапынан шетелдік инвесторларды тартуға, инвестициялық келісімшарт жасауға белсенді қолдау көрсетілгенін ерекше атап өтемін.
Осындай қолдаудың арқасында бүгінде түркиялық «Акса энерджи», германиялық «Медал груп», оңтүстік кореялық «Уиз ю», испандық «Рока груп», швейцариялық «Харвест агро» сияқты ірі инвесторлар өңірде өз жобаларын жүзеге асыруда.
Сонымен қатар, суару жабдықтары мен механикалық суару жүйелерін өндіретін америкалық «Рейнке» компаниясымен келіссөз жүргізіліп, жақын арада кездесу жоспарланған.
Өткен жылы 9 инвестор инвестициялық келісімшартқа және 1 инвестор инвестициялық келісімге қол қойды, – деді Н.Нәлібаев.
Былтыр өңірге 631,4 млрд теңге инвестиция тарту межесі бекітілген. Индустриялық және инфрақұрылымдық жобалардың есебінен 774,5 млрд теңге инвестиция тартылып, индикатор 143,1 млрд теңгеге артық орындалды. Тікелей шетелдік инвестиция тарту көрсеткіші бойынша 280 млн АҚШ доллары межесі бекітілген. 2025 жылдың 9 айында 205,7 млн АҚШ доллары тартылып, өсім 19,1 пайызды құрады.
Экономиканы әртараптандыру мақсатында 2026-2029 жылдары аймақта құны 1 трлн 900 млрд теңгеге жуық 48 инвестициялық жоба іске асырылып, 10,3 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 100 млрд теңгенің 21 жобасы жоспарланған.
Өз кезегінде Әлібек Қуантыров өзара ынтымақтастықты жалғастырудың және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін бірлесіп жұмыс жасаудың маңызын атап өтті.
***
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ сервистік қолдау департаменті директорының орынбасары – мемлекеттік органдармен және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жөніндегі өкілі Марат Есенов Қызылорда қаласындағы құрылысына ауқымды инвестиция салынған нысандарды аралап шықты.
Алдымен қонақтарға жаңа жылу-электр орталығы таныстырылды. Президент қолдауымен Aksa energy түрік инвесторы Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығын салды.
Орталықта 176 мегаваттық 2 газтурбиналық қондырғы, 95 мегаваттық бу турбинасы, 2 бу қазандығы мен 4 жылу қазандығы орнатылған. Инвестор жылу орталығын тесттік режимде іске қосып, бүгінде 176 мегаватт электр энергиясы өндірілуде. Осы жылы бу турбинасы іске қосылып, қосымша 95 мегаватт электр энергиясын шығарады. Аймақ электр энергиямен толық қамтамасыз етіліп, бұл өндірістің дамуына тың серпін береді.
Одан кейін қонақтар «Қызылорда-Нан» ЖШС-ның нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіру кешеніне, Orhun Medical компаниясының жаңа медициналық орталығына барды.
«Қызылорда-Нан» зауыты қазан айында іске қосылды. Өндіріс толық автоматтандырылған. Жоба екі кезеңнен тұрады. Қазіргі уақытта 4 өндірістік цех жұмыс істейді. Өнімнің 30%-ы кәсіпорынның жеке сауда желісі арқылы, ал 70%-ы Қызылорда қаласы мен оған іргелес елді мекендердегі тұтынушыларға жеткізіледі.
Жобаны мемлекеттік қолдау аясында 5 гектар жер телімі бөлініп, қажетті инфрақұрылым, су және кәріз желілері тартылды. «Қазақстан Халық банкінен» жеңілдікпен алынған 1,2 млрд теңге несиенің пайыздық мөлшерлемесі субсидиялануда.
Екінші кезеңде, яғни биыл ұн комбинаты іске қосылады. Қазір цехта 120 адам еңбек етсе, алдағы уақытта оның саны 170-ке көбейеді.
Жаңа медициналық орталықтың негізгі бағыты – позитронды-эмиссиялық томография мен компьютерлік томографияны біріктіретін жоғары технологиялық диагностика. Бұл онкологиялық ауруларды ерте анықтауға, дерттің таралу деңгейін бағалауға және емдеу тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді.
Бұрын осы диагностикалық қызметті алу үшін өңір тұрғындары Алматы және Астана қалаларына баратын. Енді бұл қызмет тұрғылықты жері бойынша көрсетіледі. Медициналық орталықтың жобалық қуаты жылына 3500 ПЭТ/КТ, 16000 магниттік-резонанстық томография, 20000 компьютерлік томография, 25000 рентгенологиялық зерттеу және 10000 маммография жүргізуге есептелген.
Бұдан бөлек, медициналық орталықта халыққа МРТ, КТ, рентгенография, маммография, ультрадыбыстық диагностика, бейінді мамандардың кеңестері, зертханалық зерттеулер және ем-шара бөлмелерінің қызметтері қолжетімді болады. Орталық жақын күндері ашылады деп жоспарлануда.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі






