Ипотека: көпбалалы отбасылар үшін бастапқы жарнаны алып тастау ұсынылды

1102

0

Фото: parlam.kz

Қазақстанда көпбалалы отбасылар үшін бастапқы жарнасыз баспана алудың баламалы тетігін қарастыру керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Гауһар Танашева айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.

Депутаттың айутынша, еліміздегі кез келген отбасы үшін ең маңызды мәселелердің бірі – баспаналы болу. Себебі, үй сатып алу – көп қазақстандықтың қол жеткізе алмай отырған арманы.

«Қазақстан Халық партиясының фракциясы сіздің назарыңызды көпбалалы аналарды, толық емес отбасыларда бала тәрбиелеп отырған аналарды, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарды қолдауға бағытталған әлеуметтік саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына аударады.

Бүгінде Қазақстанда жеңілдетілген мемлекеттік тұрғын үй алуға кезекте тұрған 636,6 мың адам бар. Оның 415,7 мыңы халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жатады. Олардың ішінде І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, қарт зейнеткерлер, жетім балалар, көпбалалы отбасылар бар.

Депутаттық сауал жолдауымыздың себебі халықтың әлеуметтік осал топтарының 3 санатындағы отбасыларға: көпбалалы отбасыларға, толық емес отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға тұрғын үй сатып алуға байланысты проблемалар себеп болды, – деді Гауһар Танашева Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутаттың пікірінше, елімізде мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламалар бар. Алайда бұл бағдарламаларды іске асыруда шешілмеген мәселе көп.

Ресми статистикаға сәйкес, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша (2019-2022 жылдары) 14 938 несие, «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша (2020-2022 жылдары) 19 394 несие берілген. Қазақстандағы халық санының қарқынды өсуін есепке алсақ, несиелеу көрсеткіші өте төмен, – деді депутат.

2023 жылға «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 3176 өтінішке, «Шаңырақ» бағдарламасы аясында 3610 өтінішке 71,9 млрд теңге бөлінген. Бұл баспана кезегінде тұрған 415 700 адамның биыл тек 6 786 өтініші мақұлданады деген сөз. Бұл баспанаға мұқтаждардың жалпы санының 1,6% ғана.

Оның пікірінше, халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін қолданыстағы ипотекалық бағдарламаларды қайта қарау керек:

  • «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламалары бойынша бастапқы жарнаны міндетті шарттардан алып тастауды немесе 3 санатқа: көпбалалы отбасыларға, толық емес отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға тұрғын үй сертификатын беруді қамтамасыз етуді ұсынамыз. Бастапқы жарнаны төлемей, баспана алудың баламалы тетіктерін қарастыруды сұраймыз.
  • Ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды және мүмкіндігі шектеулі ересектерді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жеке кезек жасау керек;
  • «Бақытты отбасы» бағдарламасына толық емес отбасыларды қосу;
  • Ипотекалық рәсімдерді жеңілдету: күрделі және ұзақ ипотекалық рәсімдер үй иелеріне айтарлықтай кедергілер тудырады. Бұл табыстың жоғары деңгейі, міндетті зейнетақы жарналары, мінсіз несие тарихы және несиелерінің болмауы, тұрғылықты жері бойынша тіркеудің болуы, қосымша қарыз алушының болуы және тағы басқа. Үкімет ипотека алу рәсімдерін жеңілдету және қарыз алушыларға бюрократиялық жүктемені азайту үшін қандай шаралар қолданады?
  • Жергілікті атқарушы органдар біліктілік талаптарын және ипотекалық кредиттеуді төлеу мүмкіндігін ескеріп, осы 3 осал санаттағы азаматтарды жұмысқа орналастыру кезінде жәрдем көрсетсін.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<