Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында кәсіптік білім беру саласына реформа жасау айрықша өзекті мәселе, бұл өз кезегінде экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам екенін атап өткен болатын. Соның аясында биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, техникалық және жалпы білім беру ұйымдарына үлкен жауапкершілік жүктелді.
Бұл бағытта облыстағы іргелі оқу орындарының бірі И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінде де жүйелі жұмыстар бар. Беделі биік білім ордасындағы оң бастамалар жайында білу үшін өңірлік коммуникациялар қызметінің бастамасымен пресс-тур ұйымдастырылды.
Шараға жиналғандар алдымен колледж музейінде болып, оқу орнының тарихымен кеңінен танысты. Онда білім ошағының құрылғанынан бастап қазіргі кезге дейінгі тарихы, басқарған тұлғалар жайында мол мағлұмат берілді. Тарихы терең білім ордасының құрылғанына биыл 95 жыл толды.
Білім ордасының тарихына қысқаша тоқталып өткенді жөн санадық. 1930 жылы Қазалыда мал дәрігерлік-зоотехникалық техникумының іргетасы қаланды. Мұнан кейін 1947 жылы гидромелиоративтік техникум ашылып, 1979 жылы теміржол көліктері техникумы оқушыларды қабылдай бастады. Осы үш білім ордасынан бастау алатын бүгінгі И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінің бір ғасырға жуық тарихы бар. 1997 жылы Министрлер кабинетінің қаулысына сәйкес Қызылорда ауыл шаруашылығы, политехникалық және теміржол колледждері біріктіріліп, қайта құрылды. Осылайша болашақ мамандарды даярлаудағы маңызды қадамды бастаған колледждің білім сапасы нығайып, беделі арта түсті. 2003 жылы оқу орнына мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, техникумның түлегі Исатай Әбдікәрімовтің есімі берілді.
Одан әрі кітапханада кітап қоры, жаңа кітаптар тізімі, электронды оқулықтардың қолжетімділігі туралы айтылды. Оқырмандарға ұсынылған мүмкіндіктер түсіндірілді. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған бұрыш таныстырылды. Волейбол, теннис, шахмат сынды спорт сабағына қатысып, студенттердің шеберліктеріне куә болдық. Ерекше ойын үлгісін көрсеткен жас спортшылар облыстық, республикалық жарыстарда үздік нәтиже көрсетіп жүр екен.
Сондай-ақ құрылысшылар, электриктер мен дәнекерлеуші мамандығында оқитын, ғылыми жобамен айналысатын студенттердің еңбегін көріп, жас таланттардың өсіп келе жатқанына тағы бір көз жеткіздік. Олардың сабағына қатысып, тың жобаларын, мықты идеяларын тыңдадық. Соңғы үлгідегі жасақталған кабинеттерде білім алуға, тәжірибе жинақтауға барлық мүмкіндік қарастырылған. Оқу орны білім беруде озық бағдарламаларды қолданып, жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқаны туралы колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бауыржан Ермұқан кеңінен айтып берді.
– Біз болашақ жас мамандарды даярлауда еңбек етіп келеміз. Қазір колледжде 30 мамандық, 31 біліктілік бойынша білім беріледі. Жалпы, 2329 студент білім алуда. Оларға 162 оқытушы дәріс жүргізеді. Оның ішінде 1 профессор, 2 ғылым кандидаты, 46 білім магистрі сабақ береді. Оқытушылар құрамында 1 педагог-шебер, 41 педагог-зерттеуші, 30 педагог-сарапшы, 70 педагог-модератор мен 3 «Үздік педагог» атағының иегері де бар. Сондай-ақ колледж 130-дан астам әлеуметтік серіктес мекемемен келісімшарт жасап, белсенді жұмыс істеп келеді. Студенттер кәсіпорындардан тәжірибеден өтеді, жұмысқа қабылданып жатқандары да бар. Жаңа оқу жылында да жаңашылдық көп. Биылғы оқу жылында «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» іске асыру бойынша кешенді жоспар жүзеге асуда. Былтырғы оқу жылынан бастап халықаралық салалық аккредиттеуден өтіп жатырмыз. Сонымен бірге 4 жоғары оқу орнымен келісімшарт жасалды. Біздің студенттер білімін одан әрі жетілдіру үшін қысқа мерзімді жоғары білім алуға мүмкіндігі бар. Сапалы білімнің арқасында студенттер мен оқытушылар талай белесті бағындырып келеді, – дейді ол.
Талай жастың білім алуына, маман болып қалыптасуына септігін тигізіп келе жатқан іргелі оқу орнын бітірген түлектер аз емес. Олар мамандықтары бойынша түрлі салада еңбек етіп жүр. Кейбір түлектер кәсіпорындар мен өндірісте еңбек етіп, тәжірибе жинақтап, білім алған колледжге қайта оралып, білгенін жастарға үйретіп, дәріс беруде. Солардың бірі – Асхат Құлманов.
Ол колледжді бітіргеннен кейін жоғары білім алып, 10 жылдан аса өндірісте инженер-энергетик болып еңбек еткен. Өткен оқу жылынан бастап оқу орнына оралып, энергетик мамандығы бойына арнайы пән оқытушысы болып қызмет атқарып келеді. Өндірісте жинаған тәжірибесін теориямен ұштастырып, студенттерге сапалы білім беруде.
Сондай-ақ пресс-тур барысында бір топ үздік студент таңдаған мамандықтары жайында, оны меңгерудің қыр-сырын айтып, ойларын бөлісті. Мұнан кейін оқу ғимаратының жанында орналасқан ветеринариялық клиниканың жұмысын көрдік. Клиника меңгерушісі әрі пән оқытушысы Бақытжан Сматов білім алушылар практика кезінде жануарларға ота жасауды, халықпен жұмыс істеуді үйренетінін жеткізді.
– Клиника 2021 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бұл жерде ең бірінші халыққа қызмет көрсетеміз. Сонымен қатар студенттер теориялық білімін практикалық тұрғыда жетілдіреді. Жылда бір топ, яғни 25 бала бітіреді. Биыл 21 бала осы мамандық бойынша диплом алады. Студенттер 1-2 курста клиникада тәжірибе алып, кәсіби дағдыларын шыңдаса, соңғы курста ветеринариялық қызмет көрсету орындарында практикадан өтеді. Осы кезде оларға өздерінің білімін көрсетуге мүмкіндік туады. Сол арқылы жұмысқа қабылданып жатады. Жалпы, клиникадағы құрылғылардың бәрі де жаңа. Онда ультрадыбыстық зерттеу, ветеринариялық монитор аппараттары бар. Сол құрылғыларды пайдалана отырып, ота жасайды, – дейді ол.
Клиника жұмысымен танысқаннан кейін жауапты мамандар, колледж оқытушылары мен студенттері Қарауылтөбе ауылында орналасқан қырман мен күріш алқабына барды. Онда Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев қарсы алып, тәжірибеден өтіп жатқан білім алушыларға астық жинау, сұрыптау, тұқымдық алып, қоймада сақтау туралы кеңінен айтып берді.
– Қазір қырманда күріш, жоңышқа сынды өндірілген дақылдар бар. Қырман күріш институтына қарайды. Біздің шаруашылық күріштің «Сыр сұлуы» сортын екті. Оның 1000 тоннасын жинады. Соны шетінен тазартып, алдағы жылға тұқымдыққа дайындап жатыр. Осы процестің бәріне колледждің агрономия мамандығында оқып жатқан студенттер қатысуда. Біз олармен 2014 жылдан бері дуальді оқыту жүйесі бойынша келісімшарт аясында бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Жылда егін еккенде, күтіп-баптағанда және жинаған кезде студенттер тәжірибеден өтіп, еңбек процесін үйренеді, – дейді ол.
Шара одан әрі егін алқабында жалғасты. Диқандар күрішті жинап жатыр екен. Біз онда институттың ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Аграрлық ғылымдар академиясының академигі Құрманбек Бәкірұлын кездестірдік. Ғалым студенттерге күріштің өсірілуі, пайдасы, жаңа сорттарды шығару, оны жергілікті климатқа бейімдеу, мутагенез әдісі жайында кеңінен айтып, биылғы егілген күріш сорттарымен таныстырды.
– Біздің негізгі мақсатымыз – жергілікті жердің топырақ, климат жағдайына бейімделген сорттарды шығару. Селекция, тұқым шаруашылығы, жаңа сорт түрін шығару және мутагенез бойынша шетелдік ғалымдармен бірге жұмыс істеп келеміз. Мұнда сырттан келген және өзімізден шығатын 10 түрлі сорт егілген. Сондай-ақ Түркия, Ресей мен Украина сорттарын бақылап, қалай бейімдеуге болатынын зерттеудеміз.
Ал мутагенез деген – күрделі тақырып. Түрлі жылдам нейтрондар мен гамма сәулелері арқылы күріштің әртүрлі тұқымдарын өңдеп, тұзға шыдамдылығын зертханада анықтаймыз. Ерекшелігі – оларды көшеттеп егеді. Мына қолмен орылып жатқандары сол көшет арқылы өсірілген күріш. Оның ішінде Ресейден келетін сорттар біздің климатқа бейімделе алады. Түріктің екі сорты да жаман емес, оның тұқымын түгел алып әрі қарай сынақтан өткіземіз. Жалпы олардың селекция бағыты бізге ұқсас. Бұл тұқымдар жерсініп кеткен жағдайда жергілікті шаруаларға ұсынамыз. Сонымен қатар бұл сорт сынау учаскесінен өтуі керек. Рұқсат алғаннан кейін егіле береді. Ол кезде біз шаруаларға егу жолдарын, күтіп-баптау жұмысын, қандай тыңайтқыштар қолдану керектігін, мөлшерін, бәрін де үйретеміз. Ал қазір шаруаларға сорттың екі түрін ұсынып жүрміз. Бірі – «Айсара» болса, екіншісі – «Сыр сұлуы». Оның ішінде «Айсара» сорты енді енгізіліп жатыр. Ол ұзын дәнді болып келеді, ерекше күтім қажет емес. Жергілікті болғаннан кейін осы жердің ауа райына, топырағына бейімделген. Тек өнімі әртүрлі. Өйткені ерте пісетін сорттардың өнімі төмен болады. Бұл заңдылық. Кеш піскен сайын өнім де жоғары. Бірақ соған қарамастан өнім жақсы, – дейді ғалым.
Мұнан кейін вагон жөндеу депосында болып, ондағы тәжірибеден өтіп жүрген колледж студенттерінің тыныс-тіршілігін көрдік. Мұнда дөңгелек жұптарын жөндеу цехында жүріп мамандықтарының қыр-сырын меңгеруде. Еңбек процесінде вагон дөңгелектері арнайы аппаратқа салынып тексеріледі, егер жарықшалар табылса жөнделеді. Үлкен ілмектер дөңгелектерді әрі-бері жылжытып, тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Жауапты мамандар жастарға білгенін үйретіп жатыр. Алмасбек Андасбек биыл төртінші курста оқиды. Ол осыған дейін теміржол саласында еңбек етіп, жолсерік қызметін атқарған. Өзіне мамандығы ұнайды.
– Біз үшін вагон жөндеу депосындағы тәжірибе үлкен мектеп деп айтсам болады. Мұнда дөңгелек жұптарын жөндеу жұмысына тікелей араласу арқылы болашақ кәсібіміздің сан саласын тереңірек меңгерудеміз. Бұл саланың ел экономикасы үшін маңызы зор екенін түсіндік, өйткені теміржол – халықты, өндірісті, сауданы байланыстыратын маңызды жүйе. Ұжымдағы тәжірибелі мамандардан үйренеріміз көп. Олар бізге тек жұмыс тәсілдерін ғана емес, еңбек тәртібін, жауапкершілікті де үйретті. Бұл болашақта білікті маман болуымызға жол ашады, – деді ол.
Осы орайда «QZ-VRD» мекемесінің басшысы Медет Есімбеков теміржол саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқандардың ізін басатын мамандарды даярлау үшін оқу ордасымен келісімшарт жасалғанын айтты. Соның аясында жыл сайын жас мамандар мұнда келіп тәжірибе жинақтайтынын жеткізді. Осылайша талабы бар жастарды жұмысқа қабылдауға шешім шығарады екен. Олар жұмысқа орналасқаннан кейін білікті маманға айналады. Ал қарапайым еңбек адамы қашанда құрметке лайық. Соның бір дәлелі биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, еңбек адамын дәріптеу қолға алынды. Жоба аясында оң бастамалар да жүзеге асырылуда.
Одан әрі колледждің көлік және логистика бөлімшесінің автомобильдерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану мамандығы бойынша тәжірибеден өтіп жатқан студенттердің жұмыс ырғағын бағамдау үшін қаладағы «Toyota» орталығында болдық.
Мұнда колледж студенттері заманауи құрал-жабдықтарды қолдана отырып, көлік диагностикасы, қосалқы бөлшектерді ауыстыру, қозғалтқыш пен электр жүйелерін тексеру сынды жұмыстарды үйренуде. Өндірістік процесс олардың шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді. Мамандар елімізде көлік жөндеу саласы қарқынды дамып келе жатқанын айтып, білікті кадрларға қашанда сұраныс жоғары екенін жеткізді. Осы тұрғыда студенттердің ірі автоорталықтарда машықтануы олардың еңбек нарығына қадам жасауына бағыт береді. Сондай-ақ колледж бен орталық арасындағы әріптестік жұмысшы мамандарды даярлаудағы маңызды бастама.
Көлік жөндеу саласында еңбек етіп, бүгінде арнайы орталық ашқан колледж түлегі Мағжан Омарұлы мамандығын мақтан етеді. Ол 2010-2014 жылдары И.Әбдікәрімов атындағы колледждің автомобильдерге техникалық қызмет көрсету және оны пайдалану мамандығын бітірген. Дипломын қолға алғаннан кейін «Вест-Авто» ЖШС мекемесінде автослесарь болып еңбек еткен. 2018 жылы жеке кәсіп бастап, автомобильдерге техникалық қызмет көрсету орталығын ашыпты.
– Білім алу, оны кәдеге жарату бәрінен маңызды. Кезінде өзім білім алған оқу орнынан қазір студенттерді қабылдап, тәжірибеден өткізіп жатырмын. Бір жылда 3-4 топтың студенттері келеді. Ынтасы бар жастарды жұмысқа аламын. Оқып әрі жұмыс істеп жүргендері де бар. Келешекте орталықты одан әрі кеңейтсем деймін. Сол кезде жұмыс күші еселенетін болады. Жас мамандарды қазірден бастап баулығым келеді, – дейді ол.
Пресс-тур барысында түйгеніміз, елімізде білім алуға, тәжірибесін шыңдауға, жұмысқа орналасуға, тіпті шет мемлекеттерде жұмыс істеуге барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Тың бастамалар еліміздегі барлық озық үлгідегі оқу орындарында жүзеге асып жатқаны көңіл қуантады. Оның қатарында біз тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжі де бар.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»






