Италия тауларында мыңдаған динозавр ізі табылды

9

0

Фото: unn.ua

Италияның солтүстігіндегі ұлттық саябақта мыңдаған динозавр ізі табылды. Олардың кейбіреуінің диаметрі 40 см-ге дейін жетеді. Ғалымдар бұл іздердің пайда болғанына шамамен 210 миллион жыл болған деп есептеді. Бұл туралы ВВС агенттігі жазды.

Іздер бір-біріне параллель орналасқан. Олардың көбінде саусақ пен тырнақ таңбалары анық көрінеді. Мұны прозауроподтар қалдырды деген болжам бар. Бұл мойыны — ұзын, басы — кішкентай, өткір тырнақтары бар шөпқоректі динозаврлар.

Миландық палеонтолог Криштиану Даль Сассо өзі өмір сүріп жатқан аймақта мұндай жаңалықты кездестіремін деп ойламағанын айтты.

Былтыр қыркүйек айында әуесқой фотограф Элио Делла Феррера Миланның солтүстік-шығысындағы Стелвио ұлттық саябағында тік тау баурайында жүздеген метрге созылып жатқан ерекше аяқ іздерін байқаған.

Триас кезеңінде (шамамен 250-201 миллион жыл бұрын) бұл қабырға жазық болған. Ол Альпі тауы тізбегінің бір бөлігі еді.

— Аумақ динозаврларға толы болған, бұл үлкен ғылыми қазына, — дейді Даль Сассо.

Ұзындығы 10 метрге дейін жететін прозауроподтар екі аяқпен жүрген, бірақ кейбір жерлерде алдыңғы аяқтарының іздері де табылған. Бұл олардың тоқтап, алдыңғы аяқтарын жерге қойғанын көрсетеді.

  • Бұл жаңалық бәрімізді ойландырды және біздің планетамыз туралы қаншалықты аз білетінімізді еске салады, – дейді фотограф Элио Делла Феррера.

Италияның Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі іздер жатқан ауданға жету қиын және жаяу бару мүмкін емес екенін хабарлады. Себебі ол жаққа қарай жол жоқ. Сондықтан оны зерттеу үшін дрондар мен қашықтан зондтау технологиялары қолданылмақ.

Стельвио ұлттық паркі келесі жылы қысқы Олимпиада ойындары өтетін жерлерге жақын, Италияның Швейцариямен шекарасындағы Фраеле алқабында орналасқан.