Итбалықтарды қорғайтын жоба қолға алынды

917

0

Каспий теңізіндегі итбалықтарды сақтайтын жоба қолға алынды. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Гидробиология және экология институты» мекемесінің батыс секторының басшысы Тимур Баймұқанов мәлім етті. Оның айтуынша, Каспий теңізінің биоалуан түрлілігін сақтауға арналған зерттеулер мен шаралар жүргізуді көздейтін жоба қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жоба аясында 15-28 қыркүйек аралығында Жаңа, Теңіз, Подгорный, Рыбачий, Құлалы аралдарының жағалауында және аралдар арасындағы қайраңдар учаскесінде, Итбалық Архипелагы аралдарының ұзына бойына тексеру жүргізіледі. Сондай-ақ, қоқыс пен торларды жинау бойынша жұмыстар қолға алынбақ. Спикердің сөзінше, Каспий итбалығы балық аулауға арналған торға түсуден өліп жатыр. Осы жоба аясында 2019 жылдың күзінде Түпқараған жартыаралының батыс жағалауында жүргізілген өлі итбалықтардың денесін зерттеудің нәтижелері олардың өліміне балық аулау торларына түсуі себеп болғанын көрсетті.

Бұл экспедиция 2019 жылдың қыркүйек-қазан айларында ұйымдастырылып, 3 аптаға созылды. «Осы уақыт аралығында 500-ге жуық тор және 6 500 кг өзге де қалдықтар (оның ішінде шыны, пластик, тұрмыстық қалдықтар) жинап алынды. Каспий теңізінің жағалау бөлігіндегі 94 километр аумақ тазартылды. Жағалаудан табылған торлардың көпшілігі моножіптен және ірі көзді тордан тұратынын атап өткен жөн. Нақты осылар итбалық үшін өте қауіпті. Себебі жануарлар торға тез оралып, өледі немесе тордың үзілген бөлігіне оралып, жараланады, кейін бәрібір осы жайт олардың өліміне әкеліп соғады.

Жағалаудан сонымен қатар көп мөлшердегі қоқыс табылды. Тексеру барысында ені 50-ден 100 метрге дейінгі жолдың әр шақырымынан орта есеппен 120 кг болатын пластик бөтелкелер және өзге де қатты тұрмыстық қалдықтар табылды», – дейді Т.Баймұқанов . Зерттеулер пластик материалдың өте ұсақ бөлшектерге бөлінетінін көрсетті.

Спикердің айтуынша, итбалықтар қоректену кезінде пластик материалдарды жұтуы мүмкін.

«Сонымен қатар, микропластик жануарлардың ағзасына тағам тізбегі арқылы, яғни олар жеген балықтар мен шаян тәрізділер арқылы енеді. Каспий итбалығы тағам тізбегін тұйықтаушы болғандықтан, олардың ағзасында пластик бөлшектердің бар-жоғын зерттеу мәселесі өте өзекті болып тұр. Жағалауда және Итбалық аралдарының акваториясында иесіз торларды жинау Каспий итбалығының тіршілік ету мекенін сақтап қалу үшін қажет. Каспий теңізін қоқыстан тазарту мен тордан арылтудың маңызы өте зор», – дейді ол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<