Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің қолдауымен Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы біргеміз!» атты халықаралық байқау өткізді. 33 мемлекет өкілі арасында ұйымдастырылған байқауда біздің өңірден қатысқан №6 қалалық емхана мейіргерi Нұрасыл Мұратбек «Ең үздік плакат» номинациясы бойынша II орынға ие болды.
Жеңімпазға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов РФ Бас прокуратурасының марапатын салтанатты түрде табыстады.
Негізгі қызметінен бөлек қоғамдық жұмыстарға, көпшілік іс-шараларға белсене қатысатын Нұрасыл үшін бұл байқаудың орны бөлек. Себебі, ол мейіргер ретінде адам денсаулығын сақтауға үлес қосып жүрсе, саналы азамат санатында қоғамның өткір мәселесіне айналған сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге атсалысуда.
Нұрасыл – Сырдария ауданы, «Шаған» ауылының тумасы. 2016 жылы №172 орта мектептің 9 сыныбын бітіріп, Қызылорда медициналық жоғары колледжіне оқуға түсті. Оны 2021 жылы «Фельдшер» мамандығы бойынша ойдағыдай бітіріп шықты. Сол жылдың маусымында әскерге шақырылып, Алматы облысы Қапшағай қаласы «Заречный» ауылындағы №3660 әскери бөлімде азаматтық борышын өтеді. 2023 жылы еңбек жолын № 6 қалалық емханада бастаған. Кәсібіне адал, жауапкершілігі мол, адами қасиетке ие Нұрасылды ұжымдағы үлкен-кіші жақсы көреді. Ізденуден, үйренуден жалықпайтын ол өзі таңдаған мейіргерлік істің қыр-сырына қанығудан бір тынбайды.
Нұрасылдың анасы Жазира Дәржанова да – денсаулық сақтау саласының қызметкері. Ол облыстық көпбейінді ауруханасында мейіргер болып еңбек етеді. Баласының осы мамандықты қалап, меңгеруіне анасының ықпалы болса керек. Адамдарға көмек көрсетіп, ауырған жанды демеу, қысылғанға сүйеу болып, мейірімділік көрсету кез келген кісінің бойынан табыла бермейтін қасиет. Ал мейіргер – мерейлі мамандық.
Ата-анасының қолқанаты Нұрасыл – ізінен ерген екі інісі мен бір қарындасының арқа сүйер ағасы. Жеңісің көп, мерейің үстем болсын, мейіргер!
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»






