«Яндекс такси» қызметін сынаған депутат отандық жүйені қолдауға шақырды

25

0

Фото: Мұрат Әбеновтің Facebook парақшасынан

Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Amanat» партиясы фракциясының мүшелері қайта жаңғыртылып жатқан «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-не қарасты жаңа автовокзалға барды. 

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында іске қосылған «Эко такси» қызметінің жұмысымен танысты. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жобаның маңыздылығына тоқталып, отандық «Aparu» жүйесіне негізделген такси қызметін өзге өңірлерге де енгізуді ұсынды. Айтуынша, бұл жүйе жүргізушілердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етіп, табыстың ел ішінде қалуына мүмкіндік береді.

— Қазір Парламентте «Яндекс такси» қызметін көтеріп жатырмыз. Бұл бағытта көп сын айтылады. Бұл такси қызметінің пайызы өте жоғары — 25 пайызға дейін. Жүргізушілердің денсаулығын тексермейді, айлық жалақысын бермейді. Зейнетақы жарнасын, әлеуметтік төлемдер төлемейді. Сақтандырылмаған. Бақылау жоқ. Бұдан түскен қаржының барлығы шет елге кетіп жатыр. Бұл — үлкен проблема. Қызылордада қолға алынып отырған такси қызметі қазақстандық «Aparu» жүйесіне қосылған екен. Әр жүргізуші бір рейс үшін 60 теңге төлейді. Тапсырыстан түскен қалған қаржы жүргізушіге түседі, яғни үйлестіруші мекемелер арқылы жүргізушінің жалақысы, әлеуметтік төлемдері толық аударылады. Сонымен бірге әрбір жүргізуші күнделікті медициналық бақылаудан өтеді. Бұл азаматтардың қауіпсіздігі үшін өте маңызды, — деді Мұрат Әбенов.

Депутат жобаны басқа өңірлерге де енгізуге, отандық жүйені қолдауға шақырды. Оның сөзінше, сол кезде түскен қаржы шет елге емес, еліміздің бюджетіне түседі.

Атап өтейік, 2024 жылдың 30 қыркүйегінде қызметін бастаған «Эко такси» қызметіне жолаушылар «Жұлдыз такси», «Aparu» және «Яндекс такси» қосымшалары арқылы тапсырыс бере алады.

Еске салайық, Қазақстанда такси саласында 500 мыңнан астам адам еңбек етеді. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев бұған дейін депутаттық сауалында такси нарығы әлі күнге дейін жеткілікті деңгейде реттелмей отырғанын айтқан болатын.