Экономиканы әртараптандыру мәселесі қаралды

4

0

Фото: Арал ауданы әкімдігі

Бүгінгі Үкімет отырысында экономиканы одан әрі әртараптандыру жөніндегі шаралар қаралды. Күн тәртібіне қойылған осы мәселеге сәйкес, аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішевтің төрағалығымен мәжіліс өтіп, аталған мәселенің маңыздылығы алға тартылып, бірқатар алдағы міндеттер нақтыланды.

Экономиканы әртараптандыру еліміздің негізгі стратегиялық бағыттарының бірі екенін айтқан Еркін Жұмаханұлы өнеркәсіп өндірісінің оң динамикасын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібін жаңашылдыққа бастап, экономиканың нақты секторын дамытуға мүмкіндік беретін жобаларды жүзеге асыруды қолға алу керектігіне тоқталды.

Бүгінде мемлекет тарапынан бизнесті қолдау, ынталандыру шаралары тұрақты жүргізілуде. Жеке кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға 2025 жылы барлық көздерден миллиардтаған қаржы бөлінуде. Осы мәселені назарға алған аудан әкімінің орынбасары Е.Әбішев мұндай қомақты қаржы күнделікті шығындарды жабуға емес, «кәсіптің дамуына» бағытталуы тиіс екенін атап өтті.

Жауапты тұлғаларға мемлекеттік қолдау шараларына ұсынылған жобалардың ең алдымен тиімділігі зерттеліп, жан-жақты талдау жасалуы қажеттігін ескертті.

Жыл сайын жүзеге асырылып келе жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру мәселесі де сөз болды. Осы мақсаттағы жұмыстардың әлі де жандана түсуі қажеттігін атап өткен аудан әкімінің орынбасары Еркін Жұмаханұлы жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеді.

Жиын соңында алдағы республикалық референдум өткізу мәселесі де қаралып, саяси науқанды өз деңгейінде өткізу жайы пысықталды.