Экономиканың негізі тағаны – инвестиция

41

0

Экономиканың сүйенетін негізі тағаны инвестиция екені, ол үшін бүкіл әлемде күрес, бәсеке жүріп жатқаны белгілі. Мұндайда кез келген мемлекет инвестициялық ахуалдың тұрақтылығына, сырттан келіп қаржы құятын компанияларға қолайлы жағдай жасауға жете мән береді. Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттердің бірі – аймақ экономикасына отандық және шетелдік инвестиция тарту.

Сыр өңіріндегі инвестиция көрсет­кішінде кейінгі төрт жылда тұрақты өсім бар, Үкімет бекіткен жоспар ар­ты­ғымен орындалған.  Жыл сайын әр өңірдің мүмкіндігі ескеріліп, ин­вес­ти­ция межесі белгіленеді. Мәсе­лен, 2022 жылы Қызылорда облысы 373,5 млрд теңге көлемінде инвес­тиция тар­ту керек болған. Жыл қорытын­ды­лан­ған­да бұл көрсеткіш 110,6 па­йызға, жос­пар 39,8 млрд теңгеге арты­ғымен орын­далып, 413,3 млрд теңге инвес­тиция тартылған.

Одан кейінгі 2023 жылы да оң ди­намика сақталып, 424,2 млрд теңгенің ин­дикаторы 121 пайызға орындалды. Жалпы 513,7 млрд теңге инвестиция тартылып, жоспардағыдан 89,5 млрд теңгеге артық нәтиже тіркелді.

Ал 2024 жылы инвестициялық бел­сенділік одан әрі арта түсті. Жос­парланған 517,5 млрд теңге көрсеткіш 130,2 пайызға орындалып, өңір эко­но­микасына 673,7 млрд теңге инвес­тиция тартылды. Бұл бел­гіленген межеден 156,2 млрд теңгеге жоғары.

Өткен жылы 631,4 млрд теңге ин­вес­тиция тарту көзделген еді, іскерлік бай­ланыстардың арқасында 774,5 млрд теңгеге жетті. Индикатор 122,6 па­йыз­ға не­­месе 143,1 млрд теңгеге артық орын­далды.

Бұл көрсеткіштер Қызылорда об­лы­­сын өңірлер арасындағы бірінші орын­ға шығарды және өңір осы пози­цияға ор­нықты. Әрине, көрнекті цифр­ларды тізіп шығу – ең оңай тірлік, оның артында қан­шама жұмыс са­пар­лары, іскерлік кез­десулер, таныс­ты­ры­лымдар мен келіс­сөздер тұр. 

Жалпы құрылымына тоқталсақ, же­ке инвестицияның үлесі басым, яғ­ни 72,1 пайыз, 558,6 млрд теңге, көр­сеткіште 14,9 пайыз өсім бар. Бұл – өңірде бизнеске қолайлы жағдай жа­салғанына, жеке сектордың эконо­ми­калық белсенділігі жоғары екеніне айқын дәлел.

Енді негізгі жобалар туралы айтсақ, төрт жылда 401 млрд теңгенің 72 ин­вес­тициялық жобасы жүзеге асқан. Жы­лына 197 мың тонна өнім шығаратын шы­ны зауыты өнеркәсіп саласының да­муына серпін берді, оған 42 млрд теңге инвестиция тартылған. Зауыт 500 мың тоннаға жуық өнім өндіріп, 70%-ы ішкі нарыққа, 30%-ы экспортқа бағытталуда. Экспорт географиясы цифрлық логистика мен өнді­рістік жоспар­лаудың арқасында кеңейіп ке­леді. Тауар Ресей, Өз­бекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Беларуське, Еуропалық Одақ та­лап­тарына сәйкес Польша, Эстония, Лат­вия және Швейцария нарығына экс­портталып отыр.

«Құрылыс-көлік компаниясының» те­­мірбетон бұйымдары зауыты құ­ры­лыс индустриясын дамыту бағытын­да ашыл­ды. Зауыт өнімдері көппәтерлі тұр­ғын үй­лерге пайдаланылуда. Мұнда саға­тына 80 текше метр тауарлы бетон және күніне 120 текше метр темір-бетон шы­ға­ры­лады. Кәсіпорында 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған.

Orda Glass ltd серіктестігінің шы­ны за­уытының қасынан 6,7 млрд тең­геге энер­гия үнемдейтін шыны өн­дірісінің жа­ңа же­лісі іске қосылып, 20 адамға жұмыс көзі табылды.

Өңірдің көлік-логистика инфра­құ­ры­лымының басты тармағы – «Қорқыт ата әуежайының» жаңа терминалы пайда­ла­нуға берілді. Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасына сәйкес, ны­санның ресми ашылуына Премьер-министр Олжас Бек­тенов қатысты.

Жаңа терминалға Болат Өтемұ­рат­ов қоры 16,6 млрд теңге көле­мін­де инвестиция салды. Жергі­лікті бюд­жеттен инженерлік-коммуни­ка­циялық инфрақұрылымға 4,3 млрд тең­геден астам қаржы бағытталды. Мем­лекеттік теңгерімдегі терминал Ха­лық­аралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) мен Халықаралық азаматтық авиа­ция ұйымының (ICAO) жоғары стандарт­та­рына толық сәйкес келеді. Мемлекет басшысы өңірге жұмыс сапары кезінде «Қорқыт ата әуежайын» еліміздегі ірі әрі стратегиялық маңызы бар әуе айлақтарының бірі деп атады.

Өңірде металл өңдеу цехы, ми­нералды ұнтақ, асфальтбетон, шлако­блок және газоблок шағын өндірістері іске қосылып, 58 жұмыс орны ашылды. Агроөнеркәсіп кешенінде жылына 96 мың тонна күріш өң­дейтін 5 күріш зауыты жұмысын бас­тады.

Өткен жылы шілде айында «Қы­зылорда Саз-М» серіктестігінің ең озық технологиялармен жабдықталған, толық автоматтандырылған кірпіш за­уыты ашыл­ды. Зауыт жылына 90 млн кірпіш шы­ғарып, жергілікті құрылысқа қажетті сұра­ныстың 90 пайызын қам­тамасыз етеді. Жоба арқылы өңірге қо­сымша 5 млрд теңге инвестиция келді.

«Қызылорда нан» серіктестігінің нан өндіру кешені іске қосылды. Мұнда зама­науи технологиялар қолданылып, жоғары сапалы өнім өндірілуде.  Қазір 3,1 млрд теңгеге салынған нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін шығаратын 3 цех жұмыс істеп тұр.

Үкіметтің шағын және орта биз­несті қолдау мақсатында қолға алған бастамаларының бірі – шағын өнер­кә­сіптік аймақтар құру. «Тұмар» жеке кәсіпкерлігінің бастамасымен тамақ өнеркәсібі бағытындағы алғаш­қы ша­ғын өнеркәсіптік аймақ кәсіпкер­лерге пайдалануға берілді. Жобаға жұмсалған инвестиция 526 млн теңге, 8 өндірістік цех іске қосылып, 50-ден астам адам тұрақты жұмыспен қам­тылды. Мұнда жергілікті халыққа күн­делікті қажет азық-түлік өндіріледі. Өнеркәсіптік аймаққа орналасқан кә­сіпкерлерге «Қызылорда» өңірлік ин­вестициялық орталығы арқылы жыл­дық 3% мөлшерлемемен 157 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді.

Шыны зауытының жанынан «Айна Гласс» компаниясының 1,5 млрд теңге инвестициясы салынған айна өндіру зауыты іске қосылды. Кәсіпорында өн­діріс толық автоматтандырылған, про­цесс шамамен 40 минутқа со­зы­лады, тәу­лігіне 3300 шаршы метр да­йын өнім шығарады.

Аймақта ашылған алғашқы ірі жиһаз цехы да – ауқымды инвестжоба.  Бізде жиһаз өндірісімен 20-ға жуық шағын кәсіпорын айналысады. Олар негізінен тұрғын үйге арналған жиһаз шығаруға маманданған. «Па­набек» серіктестігі осы салада 20 жыл­дан астам уақыт бойы табысты еңбек етіп келеді. Өндіріс қуа­тын арт­тыру үшін «Қызылорда» өңірлік инвес­тициялық орталығынан 59 млн теңге қаржы алған. Қала аумағынан 1 гектар жер телімін иеленіп, өндіріс то­лығымен автомат­танды­рыл­ды. Қазіргі уақытта жылына 35 мыңға дейін кеңсе, асхана, мектеп парталары мен басқа да жиһаз түрлерін шығарады. Өнімдері сұ­ранысқа ие, «Келешек мек­тептері» ұлттық жобасымен салынған 5 мектепті сапалы жиһазбен қамтамасыз етті.

Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес, Сыр елінде түркиялық Aksa Energy компаниясының жаңа жы­лу-электр орталығы жұмысын бас­тады. Бұл – халық пен экономи­каны энер­гиямен қамтамасыз ететін стра­тегиялық нысан. Жалпы 215 миллиард теңге ин­вестиция салынған, 240 ме­гаватт электр және 277 гигакалория жылу өн­ді­руге есептелген. Бүгінде 176 МВт электр қуа­тын өндіруде.

Мемлекет басшысының Катарға жұмыс сапары аясындағы Үкімет­ара­лық келісімге сәйкес қуаттылығы 1100 МВт, құны 1,1 трлн теңге бола­тын бу-газ қондырғысын салу жоба­сы келісілді. Қазір техника-эконо­ми­калық негіз­де­месі әзірленуде. Мега­жо­ба 2028 жылы толығымен іске қо­сылады.

Әлемге әйгілі испандық Roca Group компаниясымен орнатылған әріп­тес­тік – өңір үшін маңызды жетіс­тік­тер­дің бірі. Жобаға 44,1 млрд теңге ин­вестиция құйылады, жылына 500 мың санитарлық-техникалық өнім шы­­ға­ры­лады. Іске асқанда 300 жаңа жұ­мыс орны ашылып, өнімдер ішкі на­рық­пен қатар, Орталық Азия елде­ріне экспортталады.

Халықаралық іссапарлар мен жүр­гізілген келіссөздердің арқа­сында ауыл шаруашылығы және құрылыс са­лаларында 10,8 млрд теңгенің 9 келісім­шартына қол қойылды. Қазір бұл жо­балардың бірқатары кезең-кезеңімен іске асы­рылып, қытайлық озық тех­но­логиялар өндіріске енгі­зі­луде. Шетелдік инвес­тор­лармен жылыжай кеше­нін салу, құрылыс мате­риал­дарын өндіру, қал­дық­тарды қайта өңдеу және энергетика сала­ларын­дағы жобалар пысық­талды.

Бүгінде «Аб­зал және К» серік­тес­­тігі 1 млрд теңгеге күріш өңдеу, «Ал­тын Орда» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігі 1 млрд теңгеге тұз өн­діру зауытын іске қосты, ал «Агро­Хим­Сервис» ЖШС 311,5 млн теңгеге ты­ңайт­қыш­ты кептіру технологиясын өн­діріске енгізді.

Өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыруда «Қорқыт ата» арнайы эко­номикалық аймағын құру туралы ше­шім қабылданып, 550 гектар аумақта инфрақұрылым қалыптастырылуда. Бұл бастама жаңа өндірістерге, жұ­мыс орын­дарын құруға және көліктік-логис­тикалық мүмкіндіктерді кеңей­туге жол ашады.

Өткен жылдың тамыз айында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Жетісу өңіріне жұмыс сапарымен барып, «Жар­­кент крахмал-сірне зауытының» тәжіри­бесімен танысып, жүгері да­қы­лын терең өңдейтін жаңа өндіріс орнын салу туралы маңызды келісімге қол жеткен еді. Сәуір айының басында Сырдария ауданында жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін заманауи зауыттың құрылысы басталды. Инвес­тиция көлемі 40 млрд теңге, озық тех­нологиялармен жаб­дық­талып, 550 тұ­рақты жұмыс орны ашы­лады. Шикі­затпен қамтамасыз ету үшін жүгері егісінің көлемі 15 мың гектарға дейін ұлғайтылмақ. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш кезең-кезеңімен артып, об­лыстың аграрлық әлеуетіне серпін бе­реді. Сонымен қатар, жүгеріні те­рең өңдеуге бағытталған шаруашы­лық­тарға мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді.

Жақын күндері швейцариялық Har­vest Agro компаниясының 68 млрд тең­геге бағаланған техникалық қара­сора, жүгері мен соя өсіру арқылы аг­рар­лық-индустриялық кластер құру жобасы басталады. Жоба екі кезеңде іске асады. Өндірістік қуаттылығы – жы­лына 42 мың тонна техникалық қара­сора, 70 мың тонна жүгері дәні және 20 мың тонна соя өндіру. Жалпы, өңір эко­номикасын әртараптандыруда 2026-2029 жылдары 1 трлн 900 млрдтеңгенің 48 инвестициялық жобасы, 10,3 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Мұның барлығы – кейінгі төрт жылдың еншісіне тиген ауқымды жұмыстың бір бөлігі.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»