ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда обласы бойынша департаменті кезекті рет баспасөз турын ұйымдастырды. Қызылорда қалалық мәслихатының депутаттары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері бұл жолы «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның қайта жаңғыртылған және жаңартылған нысандарына барды. Атқарылған жұмыстар туралы «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ бас инженері Шалқар Рақышев баяндап берді.
Компанияның 2021-2026 жылдарға арналған жалпы сомасы 12 855,9 млн теңге болатын инвестициялық бағдарламасы бар. Бағдарлама аясында негізгі қорларды жаңарту, жаңғырту, желілердегі апаттық жағдайды азайту және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.
Қаржының 3 179,8 млн теңге бөлігі өткен жылғы жоспарды орындауға бағытталды. Оның ішінде компанияның өз қаражаты есебінен 460,062 млн теңгеге жалпы ұзындығы 33,36 шақырымды құрайтын 10/0,4 кВ электр әуе желілері қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар телемеханика жүйесін жаңарту және SCADA-ға қосылу, 131 электр есептегіш қондырғысын қайта құру мен АСКУЭ-ге қосу жұмыстары жүргізілді. 2 719,7 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражаты есебінен де көптеген тірлік атқарылды. Әсіресе, Сырдария ауданының Шаған ауылдық округіндегі 62,74 шақырым тұрғын алаптарын электрмен қамтамасыз етуге, Қазалы ауданының Әйтеке би кенті көшелеріндегі 16,98 шақырым электр желілерін реконструкциялауға мүмкіндік туды.
– 2025 жылға арналған инвестициялық бағдарламаны іске асыруға 7521,58 млн теңге бөлінді. Компанияның 532,610 млн теңге қаржысына Қызылорда қаласындағы ұзындығы 30,15 шақырым 10/0,4 кВ әуе желісін қайта жаңғырту және қайта құру, электр энергиясын есепке алу аспаптарын, телемеханика жүйесін жаңғырту, автотехника қатарын толықтыру жоспарланған. 6 998,97 млн теңге бюджет сомасы есебінен Жаңақорған кентіндегі 10/0,4 кВ электр желілік жүйесін жаңғырту, Шиелі кентіндегі «Шиелі» КС-220/35/10 кВ жиынтықты қайта жаңартылады. Қазіргі таңда 2025 жылға бекітілген инвестициялық бағдарлама 79 пайызға орындалды, – дейді Шалқар Рақышев.
Тындырымды тірліктің нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 63 пайыздан 60 пайызға дейін төмендеді. Мамандар халықты сапалы электр энергиясымен қамту бағытындағы жұмыс жалғасын табатынын айтып отыр.
– Нысандарға күзгі және қысқы маусымда күтім жасалып, тозу деңгейіне қарай ауыстырылып тұрады. Соңғы 3 жылда электр желілері мен қондырғыларының көпшілігі жаңарып, соның арқасында апатты ағыту жағдайы тіркелген жоқ. Бұл жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіледі. Сондай кезде жарықтың берілуінде уақытша іркіліс болады, бірақ біз бұл туралы халыққа әлеуметтік желі арқылы алдын ала ескертіп отырамыз, – дейді компанияның бас инженері.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»






