Жасанды интеллектіні енгізу және жаппай цифрландыру жобалары тұрақты және жеткілікті электр қуаты болмаса жүзеге аспайтыны анық. Президент Ұлттық құрылтайда осы мәселе бойынша пікірін ашық білдірді.
Қазіргі таңда Қазақстан электр энергиясының ішкі тапшылығын жыл сайын импорт арқылы жабуға мәжбүр. Былтыр 3,7 миллиард киловатт-сағат энергия сырттан алынды. Қуат көздері мен электр желілерінің ескіргендігі саланың ахуалын ушықтырып отыр.
Соңғы үш жылда «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында энергетика саласына 1 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Оның негізгі бөлігі – 900 миллиард теңгеден астам қаржы жөндеу жұмыстарына бағытталған, ал жаңа қуат көздерін іске қосуға 140 миллиард теңге бөлінген. Бұл ұзақ мерзімді тұрақты жүйе үшін жеткіліксіз.
Энергетика министрлігінің бұрынғы басшылары тек мұнай секторына көңіл бөлген, ал электр қуаты өндірісі назардан тыс қалған. Енді бұл олқылықты тез арада түзету қажет.
Қазіргі кезде Қазақстанда жылына 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі, бұл ел үшін жеткіліксіз. Үкіметтің жоспары бойынша 2029 жылдың соңына дейін 13,3 гигаватт жаңа қуат көздері іске қосылады, оның 5,9 гигаваты жаңартылатын энергия көздерінен алынбақ.
Сонымен қатар келесі жылы электр қуатына деген сұраныс толық қанағаттандырылып, 1,3 миллиард киловатт-сағат артық өндіріс мүмкіндігі қарастырылған. Бұл мақсатқа жету үшін барлық міндеттемелер уақтылы орындалып, жеткілікті қаражат бөлінуі тиіс.
Президент атап өткендей, қуат көздерін іске қосу мерзімін қайта-қайта кейінге қалдыру әдетке айналған. Мысалы, Алматыдағы 2-ші және 3-ші жылу электр орталығын жаңғырту бірнеше рет шегерілген. Енді Үкімет жоспарланған қуат көздерінің толық іске қосылуын қамтамасыз етуі қажет.
Мәселе сондай-ақ нағыз энергетика мамандарының болмауында, алайда саланы басқаруда көбінесе «азды-кем білімі бар, бірақ өзіне сенімі мол» адамдар айналысқан.






