Бүгін аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтті. Мәжіліс барысында алдымен аудандағы кадрлық өзгерістер таныстырылды. Одан кейін күн тәртібіндегі негізгі мәселе – «Микро және шағын бизнесті қолдау шаралары» қаралды.
Шиелі ауданының аумақтық сайлау комиссиясының 2025 жылғы 22 желтоқсандағы №АСК-03/06 шешіміне сәйкес Жуантөбе ауылдық округінің әкімі болып сайланған Пірімбетов Қайыркен Дайрабайұлы аудан активіне таныстырылды.
Қайыркен Дайрабайұлы 1990 жылы 13 қыркүйекте Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары. 2012 жылы «Қорқыт ата» атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2015 жылы «Талаптан ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде қаржы саласы жөніндегі жетекші маман (есепші) ретінде бастаған. 2015 жылдан бүгінгі күнге дейін «Жуантөбе ауылдық округі әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде шаруашылық есебін жүргізу және әлеуметтік саланы дамыту жөніндегі бас маман қызметін абыроймен атқарып келді.
Сондай-ақ, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының 2025 жылғы 12 желтоқсандағы №14 бұйрығына сәйкес Әлішер Айжан Қабылбекқызы «Бұдабай Қабылұлы атындағы Шиелі аудандық мәдени-шығармашылық орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры лауазымына тағайындалғаны хабарланды.
Айжан Қабылбекқызы 1977 жылғы 5 мамырда Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары. 2000 жылы «Қорқыт ата» атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің музыка факультетін бітірген.
Еңбек жолында 2000–2014 жылдары Шиелі аудандық мәдениет үйінде Ұлттық аспаптар халық оркестрінің жетекшісі, әдіскер, көркемдік жетекші қызметтерін атқарған. 2014 жылдан бүгінгі күнге дейін «Бұдабай Қабылұлы атындағы Шиелі аудандық мәдени-шығармашылық орталығы» директорының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келді.
Мәжілісте аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жомарт Ақбергенов баяндама жасап, аудандағы кәсіпкерлік саласының даму қарқыны, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар, жеңілдетілген несиелеу тетіктері, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, кәсіпкерлерді оқыту және сүйемелдеу шаралары туралы жан-жақты ақпарат берді.
Сонымен қатар, ауданда тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны, олардың экономикадағы үлесі, аудан бюджетіне түсетін салықтық түсімдерге қосып отырған үлесі және жаңа жұмыс орындарын құрудағы белсенділігі жөніндегі нақты деректер ұсынылды.
Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков өз сөзінде кәсіпкерліктің аудан экономикасындағы маңызын атап өтіп:
— «Кәсіпкерлік – экономиканың қозғаушы күші. Ауданда шағын және орта бизнесті дамыту басты басымдықтардың бірі. Осы бағытта барлық тиісті сала басшылары мен бөлімдер кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, өзара тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет» – деді аудан басшысы.
Мәжіліс қорытындысы бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, алдағы уақытта шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған жоспарлы жұмыстар жалғасатыны атап өтілді.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі






