Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен актив отырысы өтті. Актив жиынында аудан басшысы кадрлық өзгерістерді таныстырды.
Аудан әкімінің 2024 жылғы 1 тамыздағы №142-Ө өкімімен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы қызметіне Бақытжанұлы Мейірхан тағайындалды.
Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес, 2024 жылғы 4 тамызда өткізілген сайлау қорытындысымен Аманкелді ауылдық округі әкімі қызметіне Жаманқұлов Зейнұр Қайриддинұлы сайланды.
– Азаматтар ауданның дамуына сүбелі үлес қосады деп сенім артамыз. Ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі – ауқымды сала. Осы сала жұмысын жетілдіруде Мейірхан Бақытжанұлының тәжірибесі мол. Ал Аманкелді ауылдық округі әкіміне сайланған Зейнұр Қайриддинұлына елді мекен халқы зор сенім артады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Актив жиынында аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Ермек Шайлан Аманкелді ауылдық округі әкіміне куәлік табыс етті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев пен аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов те ауыл әкімі мен бөлім басшысының жаңа қызметтеріне сәттілік тіледі.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<