«Кәсіпкер неге мобильді аударымнан бас тартты?»

701

0

Фото: ҚХП

Бүгін «ҚХП» Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі – «Кәсіпкер неге мобильді аударымнан бас тартты?» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Кездесуге «ҚХП» облыстық филиалының төрағасы Қайрат Ерназаров, Қызылорда облысының Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Еркін Елшібеков, Қызылорда облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Дәурен Сейтжанов, жобаларды сүйемелдеу бөлімінің 1-санатты сарапшысы Назым Мұрсал, Қызылорда облысы бойынша «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті» «Экономика және құқық» институтының сарапшысы Абай Шайнуров, жеке кәсіпкер «Мунай.Тех.Сервис.Орда» ЖШС директоры Дәулет Қайсариев, партия белсенділері қатысты.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – «Кәсіпкер неге мобильді аударымнан бас тартты?» тақырыбын арнайы мамандармен жан-жақты талқылау. Қазіргі кезде халықтың, оның ішінде кәсіпкерлердің арасында мобильді аударымдарды қабылдау бағытында түсініспеушіліктер туындап жатыр. Оған дейін төлем түрін өз ыңғайына қарай төлеп үйренген тұтынушылар үшін бұл қиынға соғуда. Мәселен, кейбір шағын бизнес өкілдері (дүкендер, сатушылар, такси жүргізушілері т.б.) тұтынушыдан тек қолма-қол ақша сұрап, банк аударымдарына тоқтау қойды. Себебі, қаңтардан бастап банк ұйымдары жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бойынша деректер беретін болады. Яғни, күнтізбелік үш ай қатарынан ай сайын 100 түрлі тұлғадан мобильді аударымдар алған азаматтар бақылауға алынады.

Жалпы, осы тұста Салық төлеу қарыз ба, парыз ба? Салықтан азаматтар неге жалтарады? деген сауал туындайды. Қарап отырсаңыз, әр елдің болашағының жарқын болуы оның экономикасына тығыз байланысты. Салық  – мемлекет дамуының маңызды бөлігі. Сондықтан салық төлеу – парыз.

Бүгінгі дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша елімізде салық мәдениетін қалыптастырып, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру керегі баса айтылды. Сонымен қатар билікке халық көп қолданатын Каспий банк карта төлемдерін қабылдайтын терминалдар қызмет ақысын 0,95  пайыздан 0,3 пайызға дейін азайту мәселесі қозғалды. Алдағы уақытта «E-Salyq Business мобильді  қосымшасы арқылы тіркелген жеке кәсіпкерлер (дүкендер, сатушылар, такси жүргізушілері т.б.) жалпы кірістің 1 % ғана төлейді. Мәселен, айына 300 мың теңге табыс тапса, соның 1 % яғни 3000 теңге салық төлейді. Бұл халық үшін тиімді әрі оңай жолы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<