Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиында микро және шағын бизнесті қолдау шаралары, сондай-ақ аймақ басшысы тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу барысы қаралып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктелді.
«Кәсіпкерлік – кез келген аудан мен өңірдің экономикалық тірегі. Бұл сала жұмыссыздықты азайтуда және экономиканы тұрақтан дыруда шешуші рөл атқарады. Мемлекет басшысы өз Жолдауларында кәсіпкерлікті дамытудың маңызын үнемі атап өтеді. Сондықтан микро және шағын бизнесті қолдау – ел экономикасының тұрақты дамуы мен жаңа жұмыс орындарын құрудағы басты бағыттардың бірі. 12 айдың қорытындысымен бекітілген жоспарлардың толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді А.Ибраимов.
Аудан бойынша 2025 жылдың 11 айының қорытындысымен жоспарланған макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім қалыптасты.
Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастау және дамыту мақсатында жеңілдетілген несие мен мемлекеттік гранттар бойынша жалпы сомасы 4 млрд 391,2 млн теңгені құрайтын 264 жоба қаржыландырылған.
Сонымен қатар, мәжілісте тарихи-мәдени ескерткіштерді құжаттандыру, мерзімді әскери қызметке шақыру, жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды.
«Күн тәртібіндегі барлық мәселелер сапалы әрі уақытында орындалуы тиіс. Бұдан бөлек, мереке қарсаңында халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету және қоғамдық тұрақтылықты сақтау мақсатында күшейтілген режимде жұмыс ұйымдастыру қажет. Коммуналдық қызметтерден ешқандай үзіліс болмауы тиіс. Халық Жаңа жыл мерекесін жақсы көңіл күймен қарсы алуы керек», – деді аудан әкімі.
Жиын қорытындысымен күн тәртібінде қаралған мәселелердің орындалуы бойынша жауапты сала басшылары мен кент және ауылдық округ әкімдеріне хаттамалық тапсырмалар берілді.
Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі






