Кәсіптік білімнің көкжиегін кеңейткен

10

0

Биыл елімізде жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау бағытында ауқымды жұмыс жүзеге асырылды. Кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған жол картасы бекітіліп, онда өңірлік ерекшеліктерге сәйкес жаңа мамандықтар атласын әзірлеу, кәсіптік бағдар беру тұжырымдамасын жүзеге асыру, кәсіби білікті кадрлар даярлау, сапалы жұмыс орындарын құру, жұмысшы кадрлардың мәртебесін көтеру сияқты бағыттар қамтылды.

Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде елімізде кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 772 колледж жұмыс істейді. Кәсіби құзыретті мамандар даярлауға ерекше үлес қосып келе жатқан сондай оқу орындарының бірі – Арал ауданындағы Арал көпсалалы колледжі. Қазір мұнда 11 мамандық, 26 біліктілік бойынша 280-нен астам оқушы білім алып жүр. Оқу ордасы мемлекеттік лицензияға ие және техникалық, кәсіптік бағыттағы заманауи маман даярлауға толық мүмкіндік беретін материалдық-техникалық базамен қамтылған.

– Колледждің басты миссиясы – кәсіби білім беру арқылы тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсуді қамтамасыз ететін техникалық және кәсіптік білімі бар бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Дуальді оқыту жүйесі бойынша биыл білім алушылардың 33 пайызы немесе 100-ге жуық студент техникалық және кәсіптік білім беру ісіне тартылған. Олар дуальді оқыту бойынша ауданымыздағы өндіріс, шаруашылық серіктестіктері мен мекемелерде өндірістік тәжірибеден өтіп, теориялық білімін тәжірибе жүзінде шың­дайды. «Аралтұз» зауыты, «Арал құрылыс» серіктестігі, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы», өзге де жеке кә­сіпкерлермен өндірістік тәжірибеден өту туралы келісімшарт жасалған. Мақсатты тапсырыс бойынша бүгінде 13 студент оқып жатыр, – дейді колледж директоры Нұралы Әбішов.

Тарихына үңілсек, аталған оқу орны 1959 жылы 23 желтоқсанда ауданның «Сульфат» поселкесінде №169 селолық кәсіптік-техникалық училище болып жұмысын бастаған. 1973 жылы Арал қаласында училище филиалы ашылып, одан кейінгі жылы толығымен соған көшірілді. Оқу-тәрбие және өндіріс бағытындағы жетістіктері үшін атауы 1989 жылы экспериментальді тірек училищесі болып ауысты. Ал 1993 жылы №16 Арал жоғары кәсіптік-техникалық лицейі дәрежесін алды. 1998 жылы №2 кәсіптік-техникалық лицей, 2002 жылы №2 кәсіптік-лицей аталды. Арал көпсалалы колледжі болып өзгергелі 12 жылдан асты. Бүгінде кәсіби білім мен өмірлік дағдыларды меңгерудің берік негізін қалайтын іргелі білім ошағына айналды.

Ұстаздар мен шәкірттер арасында түрлі байқауларда топ жарып жүргендер аз емес. Өткен оқу жылында арнайы пән оқытушысы М.Аралбекқызы «Жылдың үздік педагогі» атты республикалық бай­қауда І дәрежелі диплом иеленсе, өн­ді­рістік оқу шебері Н.Сарбөпеев «ҚР үздік еңбек адамы» республикалық байқа­уында жеңімпаз, «WorldSkills Kazakh­stan-2024» республикалық чемпионатында «Кірпіш қалау» құзыреттілігі бойынша Дархан­бек Жұманов ұстазы Ғ.Назаровтың жетек­шілігімен «Үздік шебер» атанды. Колледж түлектері аймақтың түрлі өндірістік кәсіп­орындарында, мекемелерінде, жеке секторда табысты еңбек етуде.

Кәсіптік білімнің көкжиегін кеңейткен

– Оқу орны 2020 жылы толық күрделі жөндеуден өтті. Жылу қазандығы газға қосылған. Іші-сыртына 60 бейнебақылау камерасы қойылған. Барлық мамандық бойынша оқу кабинеттері, зертханалар мен шеберханалар жабдықталған. Тәжі­рибе жи­нақтау сабақтары автомобильге тех­ни­калық қызмет көрсету орталық­тарында өте­ді, – дейді Нұралы Әбішов.

Келешектің кілті – білімде. Осы орайда өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту білім беру бағдарламаларында басымдыққа ие. Арал қаласындағы ғасырға жуық тарихы бар Арал индустриалды-техникалық колледжі – уақыт талабына сай бәсекеге қабілетті, кәсіби маман даярлауды мақ­сат еткен жұмысшы мамандықтардың ұс­та­ханасы. Ол 1927 жылы балық аулау артелі болып құрылып, жергілікті тұрғындарды балықшылар бригадирі, ау құралдарын септеп-тоқу ісіне үйретті. Ал 1955 жылы қолөнер училищесі болып қайтадан құрылып, ағаш, темір ұсталарын, қайықтың матрос, мотористерін даярлады. Осылайша әртүрлі даму сатысынан өткен оқу орны 2012 жылы Арал индустриалды-техникалық колледжі болып қайта құрылды.

– Кәсіби құзыреттілік – табысты бо­ла­шақтың кепілі, ал еңбек – адам өмі­рінің мәні мен абыройы. Осы мақсатта өн­дірістік мекемелерімен ынтымақтастық орнап, білім мен білік ошағы ретінде алтын көпір салынды. Өндіріс пен теорияның бір­ізділігі дәстүр бойынша лайықты жал­ғасын тауып келеді. Бүгінде колледжде 300-дей білім алушы мемлекеттік лицен­зияға сәйкес 6 мамандық, 7 біліктілік бойынша мамандануда. 23 жеке әлеуметтік серіктестікпен келісімшарт жасалған. «Жұ­­мысшы мамандықтар жылына» орай техникалық және кәсіптік білім бе­руді трансформациялаудың 2025-2027 жыл­дарға арналған «Жол картасы» аясында республика көлемінде 11 техни­калық жә­не кәсіптік білім беру орнымен ынты­мақ­тастық меморандумы қабыл­данды, – дейді колледж директоры Рақым Айназаров.

«Жас маман» жобасы аясында іске қосылған дәнекерлеу тренажері, тігін ма­шиналары сияқты инновациялық технологиялармен жабдықталған оқу шеберханалары студенттерге теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға, кәсіптік құзы­реттілікті қалыптастыруға мүмкіндік бе­реді. Колледж әкімшілігі алдағы уақыт­та халықаралық стандарттарға сәйкес оқы­ту бағдарламаларын дайындап, инженер-пе­дагогтердің біліктілігін арттырып, сұра­нысқа ие мамандықтарға жаңа оқу үлгісін ұсынуды жоспарлап отыр.

Кәсіптік білімнің көкжиегін кеңейткен

– Материалдық базаны жаңғырту не­гізінде кадр даярлау және қайта даярлау үшін құзыреттілік орталығын құруды бастап кеттік. Осы орайда 2022 жылы «Сән технологиясы» және «Дәнекерлеу технологиясы» құзыреттіліктері ашылды. Осындай жаңа оқу технологиялары мен заманауи техникалық құрылғылардың ар­қасында колледждің оқу-материалдық ба­засы нығайды. Колледж базасының то­лыққандылығы, білім ордасындағы білім мен білік дағдысының тең болуы, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, мамандардың ой-өрісін техникаға бағыттау олардың құштарлығын арттырады. «Жұмысшы мамандықтар жы­лын» өткізудің кешенді іс-шаралар жос­пары бойынша биыл бірқатар жұмыс атқарылды. Бұл жастардың кәсіби бағдарын айқындауға, кәсіби біліктілігін дамытып, қоғамда жұмысшы мамандығының беделін арттыруға жол ашады, – дейді Рақым Айназаров.

Жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға негізделген «WorldSkills -2025» чемпионатының аймақтық кезеңінің кол­ледж базасында өткізілуі іргелі білім оша­ғының мерейін өсірді. Байқау нәти­жесінде «Дәнекерлеу технологиясы» құзірет­тілігі бойынша Т.Әбдібақыт 1-орынды еншіледі. Чемпионаттың аймақтық іріктеу кезеңінде студенттер 6 құзыреттілік бойынша бақ сынап, 5 құзыреттіліктен жүлделі орындарға ие болды.

Оқу орны өндіріспен үйлесімді бай­ланыс орнатқан. Биыл «Арал-Құры­лыс» ЖШС директоры Мейрамбек Құлмыр­заев­тың демеушілігімен колледж ғимара­ты­ның кіреберіс аумағы асфальтталса, қала әкімі Батыржан Ұзақовтың және «То­ғыс-Аралотын» ЖШС-ның директоры Мейрамбек Жұмашевтың қолдауымен жаз­дық спорт алаңы салынып, жасанды көгал төселді. Автокөлікке техникалық қыз­мет көрсету шеберханасы да өндірістік табыс есебінен жөнделіп, студенттердің тә­жірибелік дағ­дысын қалыптастыруға қо­лайлы жағдай жасалды. Колледж басшысы мүдделер ор­тақтығын қамтамасыз ету жолындағы жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді.

Бұл білім орындарының қай-қайсы­сының да жұмысы болашақ мамандардың бәсекеге қабі­леттілігін арттыру мен кәсіби құзырет­тіліктерін дамытуға бағытталған. Сондық­тан жастар мемлекет ұсынған мүмкіндікті құр жібермей, қадірі артқан жұмысшы мамандықты таңдап, кемел келешекке жол салудан қапы қалмағаны жөн.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»