Каспий итбалығы неден қырылып жатыр

187

0

Коллаж: Kazinform

Қазан және қараша айларында Каспий теңізінің Қазақстан тарапындағы жағалауынан 2 мыңға жуық өлі итбалық табылды. Бұл жайттың нақты себептері әлі анықталмады. Сарапшылар тек болжамдарымен шектелсе, экологиялық белсенділер күдік пен жаңа айыптаулар тағып жатыр. Дегенмен, Kazinform агенттігінің тілшісімен сөйлескен мамандар бұл жағдайды жануарлардың қырылуына әкелген бірнеше себеп жиынтығы және табиғи құбылыстардан туындаған процесс деп түсіндіреді.

Итбалықтардың қырылуы туралы не белгілі

24 қазан мен 13 қараша аралығында Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының мамандары Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы Каспий теңізінің жағалауынан итбалықтың мыңдаған өлексесін тапты.

«Маңғыстау облысының жағалау белдеуін — Құлалы, Теңіз, Подгорный, Новый аралдарын, сондай-ақ Қаражанбас пен Қаламқас кен орындарының аумағын тікұшақпен барлау барысында тағы 834 итбалық ұшасы анықталған. Негізгі 500-ден астам бөлігі Құлалы аралынан табылған. Осы аралықта бас-аяғы 1 989 өлі итбалық қаңқасын жинап алдық», — делінген хабарламада.

Әуеден шолу видеосы

Бұл жағдай жануарлардың қырылу себептерін зерттеуге кіріскен отандық мамандардың алаңдаушылығын тудырды. Жұмысқа Гидробиология және экология институты, Итбалықтарды зерттеу және оңалту орталығы, сондай-ақ Микробиология және вирусология ғылыми-зерттеу институты қосылды.

Сондай-ақ итбалықтардың қырылуына ықпал етуі мүмкін басқа да факторларды анықтау үшін Балық инспекциясы Каспий теңізі акваториясы мен аумақтық суларына мониторинг жүргізіп жатыр. Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті инфекциялық аурулардың бар-жоғын тексеру үшін сынамалар алды.

Балық шаруашылығы комитеті ықтимал себептердің бірі ретінде теңіздегі жер сілкінісі салдарынан жерасты газдарының бөлінуін қарастырып отыр. Зерттеулердің қорытындысы 3-4 айда белгілі болады. Зерттеулер аяқталған соң ғана түпкілікті қорытындылар жасалады, ғалымдардың айтуынша, бұл жұмыстар 3-4 ай уақыт алады.

Жойылып бара жатқан түр

Әзербайжандық сарапшылардың пікірінше, Каспий итбалығының болашағы аймақтағы сақтау шараларын үйлестіруге тікелей байланысты. 2008 жылы Халықаралық табиғатты қорғау одағы бұл түрді жойылып кету қаупі бар деп жіктеген.

Ондаған жылдар бойы мұнай барлау, өнеркәсіптік ластану және шамадан тыс балық аулау Каспий экожүйесіне зиян келтіріп, 1970 жылдардан бері итбалықтар санын екі есеге азайтты. ХХ ғасырдың басында итбалықтар саны 1,2 миллионға жетсе, бүгінде 75 000-270 000-ға дейін азайып қалған.

Әзербайжан ғалымдарының зерттеулері де бұл көңілсіз көрсеткішті растайды: жыл сайын дауылдан кейін Әзербайжан жағындағы Каспийдің солтүстік жағалауына 2000-ға жуық итбалық өлексесі жағаға шығып қалады.

Атап айтқанда, 2000 жылы Әзірбайжан жағалауынан 6000-ға жуық өлі итбалық табылды, ал Қазақстан 10 000-нан астам итбалық қырылғанын хабарлады. Бүкіл Каспий аймағында тек сол жылы 30 мың итбалық қырылды.

Бүгінгі таңда Әзербайжан зерттеушілері Каспий экожүйесінің жай-күйін талқылайтын Махачкаладағы конференцияларға қатысып жүр. Ресейдің Каспий биологиялық ресурстар институты ұйымдастырған іс-шара аймақтың алдында тұрған өзекті экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған.

Ластану және пестицидтер

Зерттеуші Тариэль Эйбатовтың пікірінше, Каспий теңізінің ластануы итбалықтардың азаюына әсер ететін тағы бір маңызды фактор болып отыр.

Оның айтуынша, Ресей мен Әзербайжандағы Еділ мен Кура өзендерінің сағасына жақын сулар гексахлоран мен басқа да ауылшаруашылық пестицидтерінің жоғары деңгейін көрсетеді. Бұл химиялық заттар итбалықтардың майында жиналып, жемтік іздеп оңтүстікке көшкенде улы концентрацияға айналады.

«Итбалықтар тері астындағы майға қор жинайды, оның қалыңдығы 15 сантиметрге жетуі мүмкін. Бұл майдың құрамында ластанған сулардан сіңірілген зиянды токсиндер бар, – дейді Эйбатов. – Ұрғашы итбалықтар көбею үшін солтүстікке кеткенде, үш айлық ашығу кезеңінде қоректену үшін үшін осы қорды пайдаланады. Нәтижесінде олардың ағзасындағы токсиндердің деңгейі күрт артып, қысырлық пен сәтсіз буаздыққа әкеледі».

Балық аулары және браконьерлік

Заңсыз балық аулау ісі де үлкен қауіп төндіреді. Көптеген итбалықтар Ресей мен Әзербайжандағы браконьерлер орнатқан торларға түседі. Осынша қауіп-қатерге қарамастан, итбалықтардың жалпы саны салыстырмалы түрде тұрақты болып қалуда, деп атап өтті Тариэль Эйбатов.

Алайда, сарапшы Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуіне және негізгі қорек көзі саналатын балық қорының азаюына байланысты дәл осы итбалық түріне қауіп төніп тұрғанын ескертті. Сонымен бірге, зерттеуші жаһандық жылыну итбалықтардың санына әсер етеді деген пікірлерге қарсы шығып, адамның іс-әрекетін басты фактор ретінде атап өтті.

Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының басшысы Данияр Әкімжанов балық аулау торларын итбалықтар өлімінің негізгі себебі деп санамайды.

«Итбалықтардың қырылу жыл сайын күз және көктем айларында қайталанып отыр. Біздің балықшылар Каспий теңізіне ауды жыл бойына салады. Сондай-ақ, аулары 24 сағат бойы судың астында жатады. Ендеше, итбалықтар неге тек күзде, көктемде өледі деген сұрақ туындайды. Басқа бағыттардан іздеу керек деп ойлаймын. Ғылыми зерттеу институттары дұрыс жұмыс істеулері керек. Сынамалар алады, бірақ нәтижелері бізді қанағаттандырмайды. Әлі күнге нақты себебін айта алмай отыр», – дейді Данияр Әкімжанов.

Қауымдастық басшысы жағалаудан итбалықтармен қатар, құстар мен бекіре тұқымдас балықтардың да өлекселері табылып жатқанын мәлімдеді.

Жағаға шыққан итбалық өлекселері – табиғи процесс пе?

ECOJER қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақов бұл оқиғалар табиғат заңына сәйкес өтіп жатқанына сенімді.

«Расында да итбалықтардың өлімі жыл сайын тіркеледі. Бұл тек итбалықтарға ғана емес, басқа жануарларға да қатысты. Бірақ мен бұл оқиғаларды табиғи заңдылыққа жатқызар едім. Жануарлардың саны көбейген сайын өлімі де артады. Мысалы, 100 мың итбалықтың 1 пайызы – 1 мың. Жыл сайын осынша көлемде қырылса – қалыпты жағдай», – дейді ол.

Сарапшы нақты қадағалау мен бақылаудың болмауына да баса мән берді.

«Каспий теңізінде әртүрлі ақпарат көздері бойынша 100 мыңнан 300 мыңға дейін итбалық бар деп айтылады. Міне, нақты санақ, мониторинг, бақылау жұмыстарының болмауынан санын тап басып айта алмаймыз. Сондықтан итбалық саны көбейіп жатыр немесе азайып жатыр деп топшылап сөйлеу қиын», – деп толықтырды маман.

Тариэль Эйбатов та табиғи себептерге байланысты итбалықтардың өлімін жоққа шығармайды.

– Жануарлар аурудан қырылуы мүмкін, балық аулау торларына түсуі мүмкін немесе 50 жылдық өмірінің соңына жетуі мүмкін. Қазір итбалықтар арасында солтүстікке қарай күзгі миграция жүруде, олардың кейбірі торға түсіп, тұншығып қалады. Нәтижесінде олардың өлекселері дауыл кезінде жағаға шығады, бірақ мұны жаппай қырылу жағдайымен шатастыруға болмайды. Тарихи тұрғыдан алғанда, жыл сайын Апшерон түбегінің жағасында 2500-ге жуық итбалық өлекселері табылатын. Алайда, итбалықтар саны жылдан-жылға азайып барады», – деп түсіндірді Т. Эйбатов.

Каспий итбалықтарының популяциясы шамамен 170 мыңға жетеді деп болжанады, дегенмен ресейлік және қазақстандық ғалымдар олардың саны 300 мыңға да жетуі мүмкін деп мәлімдеді. Бұл итбалықтар негізінен Каспий теңізінің орталық бөлігін мекендейді.

«Әзірбайжанда итбалықтар сирек кездеседі. Олар жазда кездейсоқ келеді және қыста мүлдем көрінбейді, өйткені олар көбею үшін солтүстікке қарай бет алады. Олар ұрғашылардың күшіктеуі үшін судың қатуын күтеді. Үш аптадан кейін ақкүшіктерін тастап, оңтүстікке қайта келеді», – деп атап өтті сарапшы.

ECOJER қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, мониторинг жұмыстарына тәуелсіз сарапшылар, арнайы білімі бар мамандар тартылса, қоғам нақты деректерді уақытында білер еді.

«Мәселені зерттеуге тәуелсіз сарапшыларды тарту қажет. Бірақ мұнда да кедергілер жетерлік. Мысалы, ҚР Кәсіпкерлік Кодексіне сәйкес, тәуелсіз сарапшыларды тек қана мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын компаниялар есебінен тартуға болады. Тек осыдан соң оларды тексеріске Экология департаменті мен прокуратура шақырып, жұмыстарға араластыра алады», – дейді сарапшы.

Мұндай жағдайда қолданыстағы жүйе бойынша қаржыландырылатын мамандардың объективтілігі мен бейтараптығына сенудің қажеті болмайды. Тәуелсіз сарапшылардың зерттеу мен мониторингке қатысуын Кәсіпкерлік кодекске тиісті өзгерістер енгізу арқылы ғана қамтамасыз етуге болады.

Сарапшы қылмыстық іс қозғауды ұсынды

ECOJER қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақов Үкіметке арнайы комиссия құрып, тергеу жүргізіп, кінәлілерге шығынды өтетуді ұсынуда.

Спикер мәселенің экологиялық қана емес, экономикалық зардабына да тоқталды.

«Бір итбалықтың кұны – 193 АЕК (АШМ-нің 2017 жылғы бұйрығы бойынша) немесе 712 556 теңге. Енді соны 2 мыңға көбейтсек – 1 425 112 000 теңге. Ал қазіргі жағдайда итбалық Қызыл кітапқа енгізілген. 2000 итбалық қырылды. Бұл – үлкен бір резонансты оқиға, трагедия деп айтуға болады. Демек, қылмыстық іс қозғалуы керек. Бұл қылмыстық іс болғаннан кейін жазасын да қатты күшейту керек деп ойлаймын. Үкімет арнайы комиссия құрып, тергеу жүргізіп, кінәлілерді анықтап, келтірілген шығынды өтетіп, жазалау керек деп ойлаймын», – дейді Әділбек Қозыбақов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<