Каспий теңізінің құрғаған алқаптарында галофитті өсімдіктер егілуі мүмкін

333

0

Фото: Есімжан Нақтыбай/Kazinform

Каспий теңізінің құрғаған алқаптарында галофитті өсімдіктер егілуі мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

«2021 жылы Мемлекет басшысы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында 2025 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған түбінде сексеуіл екпелерін отырғызу жолымен жалпы ауданы 1,1 млн гектар орман мелиорациялық жұмыстарды жүргізу міндетін қойды. 2021 жылдан бастап 2024 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған түбінде 413 мың гектар алқапта орман мелиорациялық жұмыстар орындалды. Экологиялық апаттың теріс әсерін азайтудың, тұздарды шығаруға қарсы борпылдақ тұзды қабатын нығайтудың және жылжымалы құмдармен күресудің ең қолайлы әдісі – байырғы өсімдіктердің құрғаған түбіне орман өсіру. Сексеуілдің өмір сүруін барынша арттыру үшін орман мелиорациялық жұмыстар ғылыми ұсынымдар мен жұмыс жобалары негізінде жүргізіледі», – деді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, ғалымдар тұзы аз топырақтарда сексеуіл егуді (отырғызуды), неғұрлым тұзды топырақтарда галофитті өсімдіктердің (қарабақ, сарасазан) тұқымдарын себуді ұсынып отыр.

«Бұл ретте Каспий теңізінің құрғаған алқаптарында эрозияға қарсы шаралар қабылдау үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Ә.Н.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС 2025-2027 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналық қаржыландыру аясында Каспий теңізінің құрғаған алқаптарында галофитті өсімдіктерді егу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қарастырды», – деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін 2006 жылдан бастап Каспий теңізінің орташа деңгейінің төмендеу үрдісі байқалатынын жазған едік. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<