Испаниядағы туристер арасында ең танымал аймақ саналатын Каталонияда туристік салық 12 еуроға дейін көбейді, деп хабарлайды Анадолы.
Автономды қауымдастық парламентінің шешіміне сәйкес, 1 сәуірден бастап туристерге арналған салық екі есеге артады. Ең үлкен өсім Барселона қаласында байқалады.
Каталония үкіметі (Generalitat) деректері бойынша жаңа ставкалар бойынша:
Барселонадағы бес жұлдызды қонақүйлерде — 7 еуро/1 түн,
төрт жұлдызды қонақүйлерде — 3,4 еуро/1 түн,
туристік апартаменттер мен ұқсас орындарда — 4,5 еуро/1 түн,
басқа орналастыру орындарында — 2 еуро/1 түн.
Сонымен қатар, Барселона қалалық туристік алымын 4-тен 5 еуроға дейін көтерді.
Осылайша, өткен жылы Барселонада 5–7,5 еуро төлеген турист 1 сәуірден бастап шамамен 12 еуро төлейтін болады.
Барселона муниципалитеті 2029 жылға дейін алымды жыл сайын 1 еуроға көтеріп, оны 8 еуроға жеткізуді жоспарлап отыр. Осылайша, 2029 жылы қонақүйлердегі жалпы туристік салық 1 түнге 15 еуроға жетуі мүмкін.
Каталонияның басқа туристік қалалары — Жирона, Таррагона және жағалау елді мекендерінде салық 50%-ға өседі, бұл Барселонаға қарағанда аз. Каталония үкіметі жинақталған қаражаттың 25%-ы тұрғын үй саясатына, қалғаны Туризмді дамыту қорына жұмсалатынын хабарлады.
Испанияда туристік салық алғаш рет 2012 жылы Каталонияда енгізілген. Кейін төмен мөлшерлемелермен Галисия мен Балеар аралдары да осындай шараларды қабылдаған.






