Кейбір пән мұғалімдерінің сағат жүктемесі төмендейді

894

0

Қалалық және ауылдық мектептерде топқа бөлу сыныпта 24 бала немесе одан асқан жағдайда жүргізіледі.

Барлық сыныптарда «Өзін-өзі тану» пәні міндетті пән есебінен алынды. «Дене шынықтыру» және «Орыс тілі мен әдебиеті» пәні топқа бөлінбейді.

Осы себептен аймақтағы дене шынықтыру және орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің сағат жүктемесі төмендеп отыр.

Өткен оқу жылында облыстағы 2 095 дене шынықтыру пәні мұғалімінің 623-і немесе 29,7 %-ы, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен 1 689 мұғалімнің 511-інде, яғни 30,2 %-ында апталық жүктемелері 6-15 сағат аралығында қалыптасқан.

Осымен қатар, қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша 1 721 мұғалімнің 708-і немесе 41%-ның сағат жүктемесі толымсыз. Осының ішінде Қазалы ауданында – 55 %, Жалағаш пен Сырдария аудандарында – 61 %, Шиелі ауданында – 64 % болып отыр.

Жаратылыстану бағытындағы биология пәні бойыншада осы тектес жағдай. Аймақтағы 695 биология пәні мұғалімінің324-і, 46,6%-ның жүктемесі толмаған. Басқа пәндер бойынша да осындай жағдай.

Апталық оқу жүктемесінің толық қалыптаспауы білім сапасына тікелей әсер ететіндігі айтпаса да түсінікті.

Осыған сәйкес, мектеп директорлары ұстаздардың апталық оқу жүктемесінің толық болуын, сағаттардың ұсақталмай бөлінуін қамтамасыз етуге міндетті. Бұл бойынша әр мектепке толық талдау жасалып, ұсыныстар берілетін болады.

Дене шынықтыру және орыс тілі мен әдебиеті пәндері бойынша басқарма мен білім бөлімдері тарапынан мұғалімдерді тиісті жүктемемен қамту бойынша қажетті шаралар қабылдануда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<