Кейінгі 4 жылда денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 2 есе өсті

915

0

Сурет ашық дереккөзден алынды

Кейінгі 4 жылда денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 1,2 трлн теңгеден 2,5 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) енгізілгенге дейін денсаулық сақтау саласындағы қаржы тапшылығы ауыр болды. Тапшылық 400 млрд теңгеге дейін жетті. Денсаулық сақтаудың жеке шығындары барлық шығындардың 39%-ын құрады. МӘМС-тің 4 жылғы жұмысынан кейін денсаулық сақтау жүйесі әлеуетінің өсуі байқалады. Мәселен, былтыр адамдар өз емханаларында 2019 жылмен салыстырғанда 3,2 есе көп қызмет алды», – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Оның сөзінше, МӘМС енгізілгеннен бері денсаулық сақтау жүйесіне бағытталған қаржы көлемі артқан.

«Денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру осы кезеңде 1,2 трлн теңгеден 2,5 трлн теңгеге дейін өсті. МӘМС-тің арқасында еліміздің бір тұрғынының денсаулығына жұмсалатын орташа шығыстар екі есе өсті – 56 мың теңгеден 122 мың теңгеге дейін», – деп тоқталды Тимур Сұлтанғазиев.

Вице-министрдің айтуынша, МӘМС енгізілген тұста осы жүйемен 1 300 ұйым қызмет көрсеткен. Ал қазір олардың саны 2 мыңға жетті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<