Кейінгі екі жылда несие алатындар күрт артты – депутат

457

0

Фото: parlam.kz

Кейінгі 2 жылда тұтынушы кредиттер айтарлықтай өсті. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде кредит беру кезінде тәуекелдерді азайтуға арналған заң жобасының таныстырылымында палата төрағасының орынбасары Дания Еспаева айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Парламенттің бір топ депутаттары бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжіліске 20 желтоқсанда енгізілді.

«Кейінгі 2 жылда тұтынушы кредиттердің өсу қарқыны байқалды. Егер 2021 жылғы 1 қаңтарда бұл көрсеткіш 5,8 трлн теңге болса, 2023 жылғы 1 қарашада оның көлемі 13 трлн теңгені құрады, яғни өсім 2 еседен асты. Кредит беру көлемінің артуымен қатар проблемалы қарыз алушылардың да саны 1 млн 200 мыңнан 1 млн 600 мыңға дейін (90 күн ішінде өз қарыздарын жаба аламағандар) ұлғайды», – деді Д. Еспаева.

Сонымен қатар, коллекторлық компаниялар портфеліндегі проблемалы қарыз алушылар саны да өсті. Мәселен, 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша олардың саны – 836 мың адам, оның 670 мыңы микроқаржылық ұйымдардан қарыз алған.

«Осыған дейін 20 қазанда Мәжілісте халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған Парламенттік тыңдау өтті. Осы тыңдаудың қорытындысы негізінде ауқымды ұсыныстар әзірленді. Бұл тұрғыда тұтынушы кредит беруді шектеу, төлем қабілеттілікті тиісінше бағалау, онлайн-кредит беру шарттарын қатаңдату, сондай-ақ проблемалы қарыз алушылармен жұмыс жөніндегі басқа да шаралар кірді. Ұсыныстарды орындау жөніндегі шешімдердің бір бөлігі қазірдің өзінде осы заң жобасына енгізілді», – деді депутат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<