4 күндік жұмыс аптасына көшуге рұқсат берілуі мүмкін

835

0

Келер жылдан бастап жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы келісім негізінде 4 күндік жұмыс аптасына көшуге рұқсат берілмек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге осындай өзгерістер енгізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартында бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасымен кезектесу құқығымен төрт күндік жұмыс аптасын белгілеуге жол беріледі. Отбасының науқас мүшесіне, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-аналардың біріне, он төрт жасқа дейінгі баланы (он сегіз жасқа дейінгі мүгедек баланы) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналарға зейнеткерлік жасқа екі жылдан кем уақыт қалған не зейнеткерлік жасқа жеткен кезде тараптардың келісімі бойынша бірлесіп жұмысқа орналасуға жол беріледі», делінген құжатта.

Бұл ретте толық емес жұмыс кестесі қызметкердің жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығы мен еңбек өтілінің есептелуіне әсер етпейді.

«4, 5 және 6 күндік жұмыс аптасы кезінде қосымша жұмыстардың жалпы ұзақтығы айына 12, жылына 120 сағаттан аспауы тиіс», – деп көрсетілген өзгерістер енгізілгелі отырған құжатта.

4, 5 және 6 күндік жұмыс аптасында жексенбі жалпы демалыс күні болып есептеледі.

Ал бес күндік немесе төрт күндік жұмыс аптасы кезіндегі екінші немесе үшінші демалыс күні ұжымдық шартпен белгіленеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<