Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов «СПМК-70» шағын ауданындағы 1500 орындық «Келешек мектебіне» барды.
Мектеп құрылысы толық аяқталған, жаңа ғимарат заманауи талаптарға сай. Мұндағы оқу кабинеттері соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған, арнайы STEM-зертхана, кітапхана, спорт және акт залы, асхана бар. Бас мердігер – Integra Construction KZ, жобалаушы ұйым – Project Construction KZ, техникалық қадағалаушы «Самұрық Қазына Девелопмент» серіктестіктері нысанды жақын күндері пайдалануға беруге дайын.
Аймақта «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 6 900 орынға арналған 10 мектеп салынды. Бүгінде оның тоғызы пайдалануға берілсе, алтауының құжаттары әзірленіп, облыстық білім басқармасының теңгеріміне қабылданды. Биылғы оқу жылында іске қосылған 3 мектепте оқу процесі жүргізілуде.
Жергілікті бюджеттен жоба-сметалық құжаттамалар әзірлеуге 118,4 млн теңге бөлініп, 1 млрд 700 млн теңгеге 10 мектептің инфрақұрылымы тартылды. Тағы 2 млрд 80 млн теңгеге білім ошақтарының іргелес аумақтары абаттандырылып, жол салынды.
«СБ» ақпарат





