«Келінжан» сериалына түскен актриса жол апатына ұшырады

597

0

Актриса Дариға Бадықова жолдасымен бірге жол апатына ұшырағанын айтты. Өнер иесі орын алған оқиғадан күйеуі жарақат алғанын Instagram парақшасында мәлім етті деп хабарлады turkystan.kz sn.kz-ке сілтеме жасап.

Дариға Бадықованың айтуынша, ол жолдасымен бірге Сарыағашта болатын іс-шараға қатысқан. Шымкентке кері қайтқан сәтте көлік жүргізушісі жолдың қарама-қарсы бетіне шығып кеткен.

«Аман қалдық, шүкір! Күні кеше Сарыағашқа іс-шараға бардық. Өз көлігімізді Шымкенттегі қонақ үйдің алдына қойып, «демалып барайықшы» деп басқа көлікпен бардық. Той керемет өтіп жатты.

22:30-да Шымкентке жолға шықтық. Жолдасым көліктің алдында ұйықтамай-ақ отырды. Сарыағашқа келгенде, жүргізушіміз қарсы бағытқа шығып кетті. Жан дауысым шықты, «Үлгермейсің, кір ішке, кір» дедім. «Үлгерем» деген ойы болды-ау. Бірақ үлгермей, екі көлік қарама-қарсы соғысты. Қарама-қарсы келе жатқан көлікті көру сұмдық екен. Дауысымды шығармай, «Өлдім, болды» дедім. Көліктің дөңгелегінің ұшып жатқанын көзіммен көрдім. Әйнектер қарма-қарсы ұшып, бетіме, шашымның арасына кіріп жатты», – деді актриса Instagram парақшасында.

Бадықованың айтуынша, оның беті сырылып, шынтағына зақым келген. Жол апатынан ең қатты зардап шеккен актрисаның жолдасы болып шықты. Оның бір қолы морт сынған, шекесін тігуге тура келген.

«Көлік тоқтай алмайды. «Тежегішті бас» деп айқайлаймын. Алдында отырған күйеуіме қарасам, үні шықпайды, қатып қалған. Басынан қан кетіп жатыр екен. Өзімді тез жинап, «ең құрығанда, біреуміз қорғанайық» дедім. Қорғануға тырыстым. Артық еш жерден ұстамай, басым мен бетімді орындықтың астына қарай тыға бердім. Көлік тоқтай алмады. Бір кезде тоқтады. Қаптаған адам, сұмдық болды.

«Тез түс әпше, көліктен түтін шығып жатыр» деді. «Неге тоқтамайсың» деп айғайладым. Сөйтсек, көліктің дөңгелектері жоқ. Дарханның басынан қан су сияқты аққанын көру қиын екен. «Жедел жәрдем» деп жатты. «Қолымнан ұстамаңдар» деп Дарханның жан дауысы шығып тұр. Анықтап барып қарасам, оң қолы салбырап тұр. Жедел жәрдем тез келді. Бірінші Дарханды жібердік. Оның бізге қарағанда жағдайы ауыр болды.

Әйнек кірген шекесін шыңғыртып тұрып тікті. Қолын рентгенге түсірді, “ота жасау керек. Гипс салып береміз, отаны Алматыдан жасаңыздар” деді. Жол бойы қолы шыдатпай, түнде қалаға келдік. Травматологтар шошып, «отаға дайындаймыз» деп жатқызып тастады. Менің бетім сырылды, шынтағыма зақым келді. Кеудемдегі жүйке талшықтары қысылып қалған. «Мыжылып қалған көліктен, мынадай жол апатынан аман қалғанымызға шүкір» деп жыладық», – деді актриса.

Ал желі қолданушылары актриса мен жұбайының тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

«Құдай сақтаған екен», «Тез сауығып, қатарға қосылып кетіңіздер», «Алла амандық берсін», «Алла сізге екінші өмір сыйлапты», «Аман болыңыздар» деп жазды желідегілер.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<