Кемел Тоқаев атындағы республикалық байқау басталды

975

0

Биыл бесінші мәрте өткізілетін Кемел Тоқаев атындағы республикалық детективті шығармалар байқауы Қызылорда облысында ұйымдастырылады. Осы жылғы байқаудың ерекшелігі – жас қаламгерлер мен оқушылардың қатысуына мүмкіндік қарастырылған. Сондай-ақ, қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «Заң Медиа» корпорациясының Қызылорда облысындағы арнаулы өкілі Әмірбек Шаймағамбетов хабарлады.

– Биыл Кемел Тоқаев атындағы республикалық детективті шығармалар байқауы бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылмақшы. Оған дейін Алматы қаласында екі рет, Алматы облысында және былтыр Түркістан облысында өтті. Жақында облыс әкімі Н.Нәлібаев «Заң Медиа» корпорациясының басшысы Досымбек Өтеғалиевті қабылдаған болатын. Кездесу барысында аталған республикалық байқауды Сыр елінде өткізу туралы айтылып, аймақ басшысы қолдау білдірді. Айта кетейін, Кемел Тоқаев атындағы республикалық детективті шығармалар байқауына қатысуға шектеу қойылмаған. Сонымен қатар конкурс талабына сәйкес әрбір шығарма толықтай талданып, күзде жүлдегелер анықталады, – деді Әмірбек Шаймағамбетов.

Брифинг барысында Кемел Тоқаев атындағы республикалық детективті шығармалар байқауының 2021 жылғы бас жүлдегері, республикалық «Таңшолпан» әдеби-көпшілік журналының бас редакторы Нұрлыбек Сафин детективті жанрдың ерекшелігін айтып, көпшілікті байқауға қатысуға шақырды.

– Былтыр Кемел Тоқаев атындағы республикалық детективті шығармалар бәйгесінің 4-ші жылдығында Әмірбек Шаймағамбетовтың идеясымен детективті, деректі көркем әңгіме жаздық. Әңгімеге арқау қылып Қызылорда облысында 1990 жылдан бері болған оқиғаларды жазып, ауыр қылмыстардың ашылуын зерттедік. Біздің елімізде детективті жанр айтарлықтай дамымаған. Сол үшін жас қаламгерлерді, оның ішінде детектив жанрына қызығушылығы бар азаматтарды байқауға қатысуға шақырамын, – деді Нұрлыбек Сафин.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<