Кен қазған, еңбекпен озған

5

0

40 жыл. Аз емес. Осынша уақыт шахтада кен қазған оның мақтанышы – Отанға адал қызмет еткені. Шахта астында әр күні қауіпті болса да нағыз жанкештілікпен руда қазатын әр бригаданың еңбегін айтып тауыса алмаспыз. Осындай 20-ға жуық шахтерге бас болып, кәсіпорын шаруасын дөңгеленткен еңбек адамы жайлы сөз етеміз. Ол – жаңақорғандық Асылхан Әшімов.

Аудан орталығынан 20 шақырым қа­шықтықтағы «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясына қарасты «ШалқияЦинк» ЛТД» АҚ кәсіпорнына аялдадық. Біздің ке­йіпкеріміз осында еңбек етеді. Мамандығы – тау-кен инженері. 61 жасты толтырған Асыл­хан ағаның мұндағы лауазымы – тау-кен өндірісінің шебері.

– Осы ауданға қарасты «Қыраш» ауылы­ның азаматымын. 1986 жылдан бастап осын­дағы шахтаға түстім. Алғашқы жұмыс орным «Южный ШахтаСтрой» деп аталатын. Жер астын бұрғыладық, яғни кен қаздық. Кейін біртіндеп шахта шебері, одан соң учаске бастығы сияқты қызметтерді атқардым. Арасында техникалық қауіпсіздік инженері болып та жұмыс істедік. Қазір қарамағымда 20 шақты шахтер бар. Өзімнің жетекшілігіммен 200 метрден төмен жер астына түсіп, кен өндіреміз, – дейді ол.

Асылхан Әшімовтің айтуынша, кен өн­діру оңай емес. Шахтерлар өзіне бекітілген аумаққа алдымен әр жерден бұрғылау жұ­мысын жүргізеді. Ал сол бұрғыланған ойық­­тарды «оқтайды». Дұрысы, әр ойыққа жа­рылғыш зат қойылады. Жару жұмыстары біткен соң жер астындағы жарылғыштан кейінгі газды сейілту, желдету, су себу сияқты тазалық жұмысы жүреді. Шахтерлар кейбір төбедегі тас сынықтарын түсіріп, барынша қауіпсіздік жұмыстарын атқарады. Бірақ рудаға жету үшін осылай бірнеше қабатты аршуға тура келеді.

– Нағыз кен қабатына жеткенде дәл осындай жұмыс әдісі жүреді. Одан соң арнайы техникамен жарылған тастың барлығы тиеліп, жүк көлігімен сыртқа шығарылады. Жерас­ты шахтасында мұндай көліктерге арналған жол бар. Ал сыртқа шыққан тастың жарамсыз бөлігі жол салу құрылысында пайдаға асса, рудалық тастардан қорғасын, мырыш өндіріледі. Бұдан басқа, қосымша күміс, кремний, литий сынды элементтер де бар, – дейді Асылхан аға.

Бүгінде 485 адам қызмет ететін кәсіпорын өз жұмысшыларын әлеуметтік қолдауды аяған емес. Мұны осындағы шахтерлар да, өзге техникалық қызметті игерген азаматтар да растап отыр.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны барлық әріптестерімді қуантты. Қазір кәсіпорын тарапынан жұмысшы өкілдеріне қолдау көп. Мерекелік сыйақылар, жұмысшыларға тегін тасымал, асхана, маусымдық арнайы жұмыс киімі өз уақытында беріліп отыр. Бастысы – жалақы тұрақты. Қызметкерлердің 40, 50, 60 жасқа толу мерейтойына бөлек сыйақы тағайындалады. Ал өзіне бекітілген жоспарды уақытылы орындаған шахтерлар жалақыдан бөлек, қосымша қомақты сыйақыдан құр қалған емес, – деді ол.

Айтпақшы, біздің кейіпкеріміздің үш ұлы осы кәсіпорында. Бірі көлік жүргізсе, қалған екеуі әке жолымен кен қазып жүр. Сондай-ақ ол өзінің үздік шәкірттері барын да айтып қалды. Мысалы, олардың қатарында бүгінде кәсіпорынның бас инженері қызметіндегі Серік Адаев пен учаске бастығының орынбасары Іңкәрбек Пурманов бар.

Жалпы өндіріс пен ауыл шаруашылығын қатар дамытқан Жаңақорғанда алдағы жылдары ірі жобаларды іске асыру жоспарланған. Дәлірек айтсақ, 2028 жылы құны 477 млрд теңгені құрайтын 2 жоба бар.  Соның бірі – өзіміз арнайы барған «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ-ның «Шалқия полиметалдық кен орнын өнеркәсіптік байыту және кен-байыту фабрикасының құрылысы» жобасы. Қазір мұнда жерасты шахтасының құрылысы жүруде. Ал тау-кен байыту комбинатының құрылысын жүргізетін компанияны анықтау үшін мемлекеттік сатып алу жұмысы жыл аяғына дейін өтпек. Тіпті жобаны қаржы­ландыруға шетелдік ірі компаниялармен келіссөз жүргізіліп жатыр.

Екінші жобаны айтар болсақ, ол – аудан аума­ғындағы «Бурабай-Жалғызағаш» қор­ғасын-мырыш кен орнынан байыту фабри­касының құрылысы. Мұндағы мақсат – 60 мың тонна қорғасын мен мырыш концентратын өндіру. Жоба іске асса, жергілікті жерден 350 адам жұмыспен қамтылатын болады.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы».

Жаңақорған ауданы