Кене шағу қаупі жоғары елді мекендер саны 127-ге жетті

391

0

Кене шағу қаупі жоғары елді мекендер саны 127-ге жетті
Дабыл қағарлық жәйт. Сыр өңірі еліміз бойынша кене шағу қауіпі жоғары аймақ деп танылды. Бүгінде облыс көлемінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қолайсыз 127 елді мекен тізімге еніп отыр. Эпидаумақ өткен жылмен салыстырғанда он ауылға көбейген. Өзекті мәселе «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының «Денсаулық» бағытындағы аймақтық комиссия отырысында көтерілді.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қатысты эпидахуал күрделі жағдайға жетті. Мәселен, былтыр өңірдегі емдеу мекемелеріне 1434 адам кене шағу дерегімен тіркелсе, Шиелі ауданында бір тұрғын кененің уынан ажал құшты. Ал, жыл басынан бері 800-ден аса науқас кене шағу диагнозымен қаралып, соның төртеуінде Конго-Қырым қанды безгегінің алғы белгілері байқалған.
Қырым қанды безгегі безілдетпесін десек, шұғыл шара қажет.
Аймақта зиянкес жәндіктің өрісін кеңге жайып келе жатқаны медицина саласы мамандарын қатты алаңдатып отыр. Себебі, бұған дейін облыс аумағында ауру тасығыш кенелердің алты түрі кездессе, мамандар биыл улы паразиттің тағы бір жаңа түрін анықтап отыр.
Бұл жағдай аймақта кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының ақсап тұрғанын көрсетеді. Мұның тағы бір себебі,  тендерге салынатын болғандықтан көбіне дезинфекция жүргізу құзыретін өзге облыстың мердігер мекемелері жеңіп алып жатады. Нәтижесі көңіл көншітпейді.
Салдарынан үш жылда өңір бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қолайсыз елді мекендер саны 100-ден 127-ге жетті.
Салаға жауапты облыстық ветеринария басқармасының залалсыздандыру жұмыстарын жүзеге асыруға құқығы жоқ. Өйткені, мемлекеттік мекеме тендерге түсе алмайды. Әйтеуір, кененің жолын кесуде тың әдіс-тәсілдерді қолға алып жатырмыз дейді мамандар.
Жылдан жылға облыста мал басы көбейіп келеді. Сондықтан, құзырлы мекемелерге зиянкес жәндіктерді жоюда немқұрайлылық танытпай, нақты іске кірісетін кез келді.
Комиссия отырысының қорытындысымен өзекті мәселе облыс әкімінің назарына жеткізілетін болды.
Қызылорда арнасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<