Кент келбетін көркейту бағытында нақты жоспарлар бекітілді

6

0

Фото: Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Кеше аудан әкімі Айтбай Жандарбеков аудандық мәслихат депутаттары және тиісті сала басшыларымен бірге Шиелі кентін аралап, көркейту, көгалдандыру және абаттандыру бағытындағы алдағы жобаларды пысықтады.

Кент ішіндегі бірқатар нысандарды аралау барысында аудан басшысы жоспарланған жұмыстардың тиімділігіне мән беріп, ауданның келбетін жақсартуға бағытталған нақты ұсыныстарды қарастырды. Сонымен қатар, абаттандыру жұмыстарының сапасын арттыру, қоғамдық орындарды ретке келтіру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бойынша бірқатар тапсырмалар беріліп, тиісті жоспарлар бекітілді.

Сондай-ақ, аудан әкімі Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы жұмыстардың барысын бағамдады. Аталған акция шеңберінде қоршаған ортаны қорғау, санитарлық тазалықты сақтау және жасыл желектерді көбейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Аралау барысында кент аумағындағы көркейту және абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалмады. Аудан басшысы жауапты сала жетекшілеріне аумақтардың тазалығын тұрақты бақылауда ұстап, көгалдандыру көлемін арттыру, сондай-ақ инфрақұрылымды жақсарту бойынша нақты міндеттер жүктеді.

Жалпы, жүзеге асырылатын жобалар ауданның көркін арттырып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және қолайлы экологиялық орта қалыптастыруға бағытталған.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі