Кентаудағы кафедегі жарылыс: Зардап шеккен тағы бір адам ауруханада көз жұмды

5

0

Фото: Видео кадрларынан скрин

Түркістан облысы Кентаудағы кафелердің бірінде болған жарылыс салдарынан тағы бір зардап шеккен адам көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar порталына сілтеме жасап хабарлайды.  

Көз жұмған денесінің 90 пайызы күйік шалған жігіт. Оның қазасын жергілікті әкімдік растады.

1 қаңтарға қараған түні көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан қоғамдық тамақтану орнында газ-ауа қоспасы жарылып, өрт шыққан. Оқиға орнында 18 жастағы студент қыз қаза тапты. Тағы төрт адам түрлі жарақат алды.

Зардап шеккендердің екеуі жансақтау бөліміне жатқызылған.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.

Еске салсақ, жаңа жыл түні Түркістан облысы Кентаудағы қымызханада жарылыс болып, онда жұмыс істеген 18 жастағы қыз қаза тапқан еді. Кейін қыздың туыстары кінәлілердің жазалануын талап етті.