Кешкі уақытта теледидардан берілетін жарнама 20 пайызға қысқарады

259

0

 Кешкі уақытта теледидардан берілетін жарнама 20 пайызға қысқарады Парламент Мәжілісінің депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілерге жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Палатаның әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнар Иқсанова атап өткендей, заң жобасы бойынша бес кодекс пен тоғыз заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.

«Жұмыс барысында депутаттар сыртқы (көрнекі) жарнамалар термині мен сыртқы (көрнекі) жарнама нысандарының нақты анықтамасы, көше жиһазы түсінігін енгізу, құрылғы, сонымен қатар сыртқы жарнамаға жатпайтын ақпараттардың түрлерін анықтауға бағытталған өзгерістерді енгізді. Жарнама саласын реттейтін мемлекеттік органдардың және жергілікті атқарушы органдардың құзіреттерін нақты бөлу қарастырылған», – деді Гүлнар Иқсанова.

Сонымен қатар, оның айтуынша, заң жобасы негізінде бақылау функцияларын жүзеге асыратын, оның ішінде сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыруға хабарлама алатын нақты субъектілерді айқындауға бағытталған түзетулер енгізілген. Бұл функциялар республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың және аудандардың жергілікті атқарушы органдарында бекітіледі.

«Бұл ретте автокөлік жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператордың функциялары сыртқы (көрнекі) жарнама нысандарын халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автокөлік жолдарының бөлінген белдеуінде орналастыруды келісу мәселелерімен ғана шектеледі. Заң жобасы ҚР Жер кодексіне, ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, автокөлік жолдары мен жол жүрісі туралы заңнамаға сәйкес сыртқы (көрнекі) жарнама нысандарын орналастыру жөніндегі талаптарды айқындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ол меншік иелерін ғимараттарының сыртқы жағына орналастырылған сыртқы жарнама объектілеріне тиісті эстетикалық, санитариялық және техникалық жағдайда ұстау, адамдар мен олардың денсаулығы, меншіктің барлық нысанындағы мүлік үшін сыртқы жарнама нысанының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді міндеттейді», – дейді ол.

Сонымен қатар, комитетте атап өткендей, заң жобасы бойынша 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап кешкі уақытта жарнамаларды қысқарту көзделген. Нақтырақ айтқанда, кешке қарай теледидар мен радиода коммерциялық жарнамалардың мөлшерін қысқарту жоспарлануда. Қысқарту кезең-кезеңімен іске асырылады.

«Заң жобасы негізінде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жарнамалардың мөлшерін 20 пайызға азайту ұсынылып жатыр», – делінген комитеттің шешімінде.

 

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<